Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Президент тапсырмасына сәйкес өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстардың орындалуын тексерді.
Үкімет басшысы Көкшетау қаласындағы Kokshe Industry индустриялық аймағын аралап, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Атап айтқанда, «MM Brick» ЖШС кірпіш зауыты, «Содружество Казахстан» ЖШС майлы дақылдарды өңдеу кешені, сондай-ақ «Кедентранссервис» АҚ жүзеге асырып жатқан Қазақстан–Қытай құрғақ портының (логистикалық терминал) құрылысы секілді бірқатар өндіріс нысандары қаралды.
Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, индустриялық аймақтың аумағы 600 гектарды құрайды. Қазір мұнда жалпы құны 22,7 млрд теңге болатын және 670 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жобаларды 2026–2027 жылдары іске қосу жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін 520 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, шамамен 40 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Индустриялық аймақ жаңа өндірістерді іске қосу мен инвестиция тартудың негізгі алаңы ретінде қарастырылып отыр. Сонымен қатар инженерлік және көлік инфрақұрылымын алдын ала дайындау қажеттігі де атап өтілді.
Премьер-министр сондай-ақ «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС өндірістік алаңына барып, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларды шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Олег Балыбин зауыттың қазіргі қызметі мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 65 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 4 мыңнан астам техника шығарған. Өндірісті кеңейту жобасының төртінші кезеңі жүзеге асырылып, 3 млрд теңгеден астам инвестиция есебінен өндіріс көлемін жылына 5 мың техникаға дейін арттыру мүмкіндігі жасалды. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігін арттыруға және отандық жеткізушілермен кооперацияны күшейтуге жол ашады.
Қазіргі уақытта индустриялық аймақ аумағында ауыл шаруашылығы, арнайы және коммуналдық техникалар өндірісін жылына 6 мың бірлікке дейін жеткізу жобасы жоспарланып отыр. Бұл бастаманың жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеге дейін жетеді. Бүгінде кәсіпорында шамамен 400 адам еңбек етеді.
Олжас Бектенов индустриялық жобаларды жедел іске қосудың және машина жасау саласында жергіліктендіру деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, сондай-ақ Ақмола облысының әкімдігіне «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС өндірісін кеңейту жоспарын қолдау, қажетті инфрақұрылымды уақытылы жүргізу және Kokshe Industry индустриялық аймағында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берілді.



