Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы елшілігіне барып, қайғылы оқиғаларға байланысты көңіл айту кітабына жазба қалдырды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп.
Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл сапар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан. Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, елде болған қайғылы жағдайлар салдарынан Иранның рухани көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеи, мемлекет басшылығы өкілдері және бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты.
Сенат Төрағасы өз жазбасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан халқының және Парламенттің атынан марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді. Сонымен қатар халықаралық жанжалдарды тек саяси-дипломатиялық жолмен, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешу қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар Иран мен Қазақстанның көрші әрі серіктес мемлекеттер екенін атап өтіп, қалыптасқан жағдайды бейбіт жолмен реттеу маңызды екеніне назар аударды. Мәулен Әшімбаев Қазақстанның қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге қолдау көрсетуге дайын екенін де айтты.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар араб мемлекеттерінің басшыларына да қалыптасқан жағдайға байланысты қолдау білдіріп, көңіл айту жеделхаттарын жолдаған болатын.



