«Қазгидромет» РМК синоптиктері 6 наурыз күні Қазақстанның көптеген өңірінде қолайсыз ауа райы күтілетіні жөнінде ескерту жасады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар облыстарда қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, жолдарда көктайғақ пайда болады. Кей өңірлерде тұман түсіп, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында қар, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі. Кей жерлерде тұман түседі. Атырау мен Ақтөбе облыстарында тұман мен көктайғақ болып, желдің екпіні күшейеді.
Жетісу, Қызылорда, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында да тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал. Кей өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі.
Алматы облысында және Іле Алатауының таулы аймақтарында қар жауып, кей жерлерде қатты қар болуы мүмкін. Сонымен қатар тұман түсіп, желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында қар, бұрқасын және көктайғақ болады деп болжануда. Желдің күшеюі де мүмкін.
Сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында қар жауып, тұман мен көктайғақ күтіледі.
Синоптиктер ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындарды сақ болуға және жолда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.



