
Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстан азаматтарымызды қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Эвакуация басталғалы бері 12 әуе рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралды.
Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда.
«Ирандағы дипломаттар 6 наурызда «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлауда. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасын өтті. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды», — делінген мәлімдемеде.
Өңірдегі дипломаттар эвакуация толық аяқталғанға дейін жергілікті жерде үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, шиеленіс аймағындағы отандастарымызбен тұрақты байланыста болады.



