Әлеумет және қоғам

Қазақстанда сиыр етін экспорттау жеңілдетіліп, жұмыртқа импортына шектеу қойылуы мүмкін

Ведомствоаралық комиссия отырысында сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талаптарын жеңілдету, аналық мал басын шетелге шығаруға тыйымды ұзарту және ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқасын импорттауға уақытша шектеу енгізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар теміржол саласындағы бөлшектер импортына қатысты шешім қабылданды.

Сыртқы сауда мәселелері және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) сиыр етін экспорттау, жұмыртқа импорттау және аналық мал басын сақтау мәселелеріне қатысты бірқатар шешім қабылдады. Бұл туралы Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарды жариялады.

2026 жылғы 6 наурызда өткен ВАК отырысы Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті.

Отырыста сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талаптарын жеңілдету мәселесі қаралды. Бұған дейін квота алу үшін кәсіпорынның кемінде 5 мың басқа арналған жеке бордақылау алаңы мен өз ет комбинаты болуы тиіс еді. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл талаптарға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге Үкіметтің Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары да ескерілді. Құжатқа сәйкес, елдегі ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін арттыру, сондай-ақ қазақстандық сиыр етінің экспорттық мүмкіндігін кеңейту көзделген.

Бұдан бөлек, аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі қара және ұсақ малдың аналық басын, сондай-ақ бұқашықтарды, соның ішінде ЕАЭО елдеріне әкетуге қойылған тыйымды ұзарту туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ алты айға дейін ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқасын импорттауға тыйым салу мәселесі талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді: олардың 34-і жұмыртқа, 29-ы ет, ал 7-еуі асыл тұқым өндіруге бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 4 млрд 568,5 млн дана жұмыртқа өндіріліп, бұл көрсеткіш 2,4%-ға өскен. Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 98%-ды құрайды. Тиісті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.

Жиында темір жол жылжымалы құрамы мен темір жол төсемінің элементтеріне арналған құрамдас бөлшектерді үшінші елдерден импорттауға тыйым салу мәселесі де қаралды. Талқылау барысында отандық өндірушілердің, локомотив жасаушылардың және тұтынушылардың, оның ішінде «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның ұстанымдары тыңдалды.

Нәтижесінде мұндай импортқа шектеу енгізу орынсыз деп танылды. Дегенмен «Қазақстан темір жолы» АҚ-на теміржол жылжымалы құрамына арналған қосалқы бөлшектер мен теміржол төсемі элементтерін сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру тапсырылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button