Әлеумет және қоғам

Министрлік мемлекеттік органдарға жасалған кибершабуыл туралы ақпаратқа түсінік берді

БАҚ-та хакерлердің Қазақстанның мемлекеттік органдарының серверлеріне еніп, құпия деректерге қол жеткізуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл деректерге қатысты тексеру жүргізілгенін және тиісті талдау жұмыстары басталғанын хабарлады. Ведомство жеке деректердің жаппай таралу фактісі расталмағанын, ал ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Өткен жылдың соңында БАҚ-та хакерлер Қазақстанның мемлекеттік органдарының серверлеріне еніп, шамамен жарты жыл бойы құпия деректерге қол жеткізгені туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми пікір білдірді.

Жарияланған материалдарда Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының деректеріне сілтеме жасалып, бірнеше мемлекеттік органның цифрлық жүйелеріне жасырын түрде кіру фактілері айтылған. Хабарламаларға сәйкес, электрондық пошта серверлері, домендік контроллерлер, жоғары құқықтары бар жұмыс станциялары және ішкі жүйелер бұзылған болуы мүмкін. Мамандар қызметтік хат-хабарлардың таралу қаупі бар екенін және мұндай ауқымды шабуылдың салдары ауыр болуы ықтимал екенін атап өткен.

Министрлік бұл кибероқиғалар туралы ақпарат уәкілетті органдарға белгілі екенін мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, аталған есеп киберқауіптер туралы хабардарлықты арттыру және ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында дайындалып, жарияланған. Түскен сигналдар белгіленген тәртіппен талданып, тиісті бағалау жүргізілген. Қазіргі уақытта кейбір тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, сондықтан түпкілікті қорытынды кейінірек жарияланады.

Қай мемлекеттік органдардың серверлері мен нақты қандай жүйелерге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат ашық айтылмады. Министрлік мұндай мәліметтердің шектеулі таралымға жататынын және оны жария ету ақпараттық қауіпсіздікке қосымша қауіп төндіруі мүмкін екенін түсіндірді.

Сондай-ақ ведомство азаматтардың жеке деректерінің жаппай таралу фактілері расталмағанын хабарлады. Тексеру барысында қызметтік ақпаратқа қатысты жекелеген оқиғалар анықталып, қосымша техникалық және криминалистикалық сараптамадан өткізілген. Қазіргі кезеңде ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіретін көлемде қызметтік хат-хабарлар мен ішкі құжаттардың жүйелі түрде таралуы жөнінде дәлелдер табылмаған.

Министрлік зиянкестер түрлі бағдарламалық құралдарды, оның ішінде зиянды бағдарламаларды қолданғанын анықтағаннан кейін қосымша қорғаныс шаралары қабылданып, мемлекеттік органдарға ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бойынша ұсыныстар жіберілгенін де атап өтті.

АҚПАРАТ TENGRINEWS.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button