
Шымкентте «Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастар командаларының жас футболшылары арасындағы жанжал жаппай төбелеске ұласты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Желіде арасында оқиғаның видеосы тарады.
«Ақтөбе» футбол клубы әлеуметтік желілерде таралып жатқан Шымкентте өткен жастар матчындағы қақтығыс туралы пікір білдірді.
Шымкент қаласында жергілікті «Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастар командалары арасында бақылау матчы өтіп жатты.
Екінші таймның басында ойын эпизоды нәтижесінде келіспеушілік орын алып, арты жаппай төбелеске ұласты.
«Өкінішке қарай, жанжал салдарынан «Ақтөбенің» екі жас ойыншысы ауруханаға жеткізілді. Біреуінің жағы сынып, екіншісі ерін (иек) жарақатын алды. Алғашқысына ота жасалады», — делінген мәлімдемеде.
«Ақтөбе» футбол клубы зорлық-зомбылықты қатаң сынай отырып, тиісті органдар аталмыш жағдайды мұқият тергейді деп сенім білдіреді.



