Әлеумет және қоғам

Атырауда отбасының өлімі: күдікті қылмысын мойындады

Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалған отбасының мүшелерін өлтірген күдікті ұсталды. Ол қылмысты алдын ала жоспарлап, мәйіттерді пәтер ауласына көмгенін мойындаған. Тергеу жүргізіліп, марқұмдардың денелерін тану үшін сараптама тағайындалды.

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы мүшелеріне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Almaty.tv порталына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, күдікті алдымен Наурыз Мұқанғалиевті, кейін ата-енесін, сосын Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген болуы мүмкін. Сондай-ақ ол қылмысты алдын ала жоспарлап, мәйіттерді өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көмген және барлық қан іздерін жасыруға тырысқан деген деректер бар.

Министрлік таратқан видеода полицейлер марқұм Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіттерін қазып алып жатқан сәт көрсетілген. Күдікті мәйіттерді Мұнайшы ықшамауданындағы өз пәтерінің іргесіне көмгенін мойындаған. Белгілі болғандай, ол ата-енесін және қос бауырын өлтіруді алдын ала жоспарлаған және барлық дәлелді жасыруға әрекет жасаған. Күдікті кінәсін толық мойындаған, ал оның бұрынғы әйелінің іске қатысы тексерілуде. Психикалық жағдайын анықтау үшін ол арнайы сараптамаға жіберілген.

«Ішкі істер министрлігі Индонезия Республикасының әріптестерімен бірлесіп Атырау облысында отбасын өлтірген күдіктіні ұстады. Ол Қазақстанға жеткізіліп, қамауға алынды. Жедел тергеу шараларының нәтижесінде қаза тапқандардың мәйіттері табылды. Күдікті кінәсін толық мойындады. Қылмыстық іс екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Полиция мәліметінше, қылмысқа күдіктінің ұзақ уақытқа созылған отбасылық-тұрмыстық дау себеп болған. Қазіргі уақытта марқұмдардың денесін тану үшін сараптама жүргізіліп, тергеу жұмыстары жалғасуда.

Еске сала кетейік, оқиға былтыр желтоқсанда орын алған болатын. Ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіттері өз үйінің ауласындағы сарайдан 6 қаңтарда табылған еді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button