Алматыда 10 наурыз күні кешкі уақытта қар жауа бастады. Қар жауа салысымен қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуге кірісті. Негізгі мақсат – көктайғақтың алдын алып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдеріне сілтеме жасап Qandastar.kz сайты мәлімдеді.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, жауын-шашын алдымен жаңбыр түрінде түсіп, кейін қарға ұласқан. Қар 11 наурыз таңына дейін тоқтаусыз жауып, осы уақыт ішінде қалада шамамен 27 сантиметр қар жиналған.
Жолдағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында көшелерге 75 жедел бригада, 2710 жол саласының жұмысшысы және 1225 арнайы техника шығарылды. Оның ішінде 200-ден астам сыпыру техникасы жолдарға көктайғаққа қарсы материалдарды сеуіп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін техника 28 колоннаға біріктіріліп, негізгі магистральдық көшелерді тазалау жұмыстарына кіріседі.
Түнгі уақыттан бастап қаланың басты жолдарында қарды жинау және шығару жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жол полициясының патрульдік көліктерінің сүйемелдеуімен техника колонналары арқылы атқарылып жатыр. Сонымен қатар шағын техникалар мен коммуналдық қызметкерлер тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті өткелдерін, баспалдақтар мен пандустарды тазалауда.
Синоптиктердің болжамынша, 11 наурыз күні күндіз жауын-шашын күтілмейді. Ауа температурасы –6…–8 градус шамасында болып, кейін тағы төмендеуі мүмкін.
Осыған байланысты қала тұрғындарына сақтық шараларын сақтау ұсынылады. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтау, ал жаяу жүргіншілерге тайғақ тротуарларда абай болу ескертіледі. Сондай-ақ тұрғындардан қар тазалау техникасының жұмысына кедергі келтірмеу үшін көліктерін жол жиегіне қоймау сұралды. Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер тәулік бойы көшелер мен жолдардың жағдайын бақылап, қар тазалау жұмыстарын жалғастырып жатыр.



