Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы 4 наурызда «Ұлттық режимнен алып тастау мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Бұл туралы Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарды жариялады.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде шетелден әкелінетін жеңіл өнеркәсіп тауарларына ұлттық режимнен алып тастау енгізіледі. Алайда бұл талап Қазақстан аумағында өндірілмейтін тауарларға, сондай-ақ шетелдік жеткізушілер орындайтын жұмыстар мен көрсететін қызметтерге қолданылмайды.
Сонымен қатар қаулыда мемлекеттік сатып алуларға тек қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген жеке және заңды тұлғалар ғана қатыса алатыны көрсетілген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 10 жұмыс күні ішінде тиісті тауарлар, жұмыстар және қызметтердің нақты тізбесін бекітіп, оны мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға ұсыну тапсырылды.
Аталған қаулы 2026 жылғы 11 наурыздан бастап күшіне енді және екі жыл бойы қолданыста болады.
Бұған дейін ұлттық режимнен алып тастау шарасын машина жасау саласына, сондай-ақ химия, металлургия, құрылыс және жиһаз өнеркәсібі тауарларына да енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.
Ұлттық режимнен алып тастау – белгілі бір тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер бойынша шетелдік жеткізушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін шара. Оның мақсаты – ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту және отандық өндірушілерді қолдау.



