
Қазақстанда алдағы референдум қарсаңында алаяқтық әрекеттер көбейгені туралы мәліметтер тіркеліп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарға қоңырау шалып, дауыс беру алдында «бюллетеньді тіркеу» қажет екенін айтып, SMS-код сұрайтын күмәнді топтар пайда болғанын хабарлады.
Орталықтың мәліметінше, алаяқтар өзін референдумды ұйымдастыруға қатысы бар адамдар ретінде таныстырып, мессенджерлер арқылы да хабарламалар таратып жатыр.
Онда азаматтарды Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға «онлайн тіркеуден өткіземіз» деген сылтаумен жеке мәліметтерін алуға тырысады.
Алайда ресми органдар мұндай рәсімнің жоқ екенін мәлімдеді.
Референдум кезінде дауыс беру тек арнайы сайлау учаскелерінде қағаз бюллетень арқылы жүргізіледі.
Телефон арқылы қоңырау шалу немесе SMS-код сұрау сияқты әрекеттер заңды дауыс беру тәртібіне кірмейді.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы тұрғындарды сақ болуға шақырып, белгісіз адамдарға жеке деректерін бермеуді ескертті.
Сондай-ақ азаматтарға тек орталық, аумақтық немесе учаскелік сайлау комиссиялары таратқан ресми ақпаратқа ғана сену ұсынылды.



