Ақтөбеде қоқыс арасынан ер адамның мәйіті табылды. Денесі Қытайдың ала дорбасына салынған күйде бірнеше күн бойы қоқыс арасында жатқан, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға қаладағы №33 мектептің маңындағы қоқыс алаңында болған. Сол маңда жұмыс істейтін аула сыпырушы дорбаның бірнеше күннен бері жатқанын байқаған. Біраз уақыттан кейін айналаға жағымсыз иіс тарай бастаған. Алғашында ол жерде өлген ит немесе басқа жануар болуы мүмкін деп ойлаған. Дегенмен күдік туындаған соң полицияға хабар берген.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары дорбаны ашқан кезде оның ішінде ер адамның мәйіті болғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері денені сараптамаға жіберді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.



