Қарағанды облысында полиция қызметкерлері Теміртау қаласынан әрекет еткен, негізінен Қарағандыдағы егде жастағы әйелдерді алдаған алаяқтар тобын ұстады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер сенгіш зейнеткерлерді түрлі айламен алдап, олардың жинаған ақшасын иемденіп отырған. Қазіргі уақытта олардың кемінде 9 қылмысқа қатысы бары анықталған. Зардап шеккендердің жасы 75-тен жоғары. Келтірілген материалдық шығын 320 мың теңгеден 4 миллион теңгеге дейін жетеді.
Жәбірленушілердің бірі — Қарағанды қаласының 80 жастағы тұрғыны. Ол Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша арыз түсірген. Әйелдің айтуынша, белгісіз адам қалалық телефонға қоңырау шалып, өзін оның ұлы ретінде таныстырған. Ол сәлемдеме келгенін айтып, жеткізу ақысын шұғыл төлеуді талап еткен. Егер төлем жасалмаса, сәлемдемені сақтау үшін қосымша қаражат төлеу керек екенін айтқан.
Кейін зейнеткердің үйіне жас жігіт келіп, әйел оған 320 мың теңге берген. Курьер кеткен соң ғана ол ұлына хабарласып, алаяқтардың құрбаны болғанын түсінеді. Осыдан кейін полицияға хабар беріп, күдіктінің нақты сипаттамасын айтқан.
Жедел қызметкерлер бірнеше сағат ішінде күдіктіні және осы іске қатысы бар басқа адамдарды ұстады. Тануға ұсыну кезінде 80 жастағы әйел 32 жастағы күдіктіні бірден таныған. Сондай-ақ оны Қарағандының тағы бір 90 жастағы тұрғынына көрсеткен. Әйел оның дауысын ести салысымен өзін алдаған “курьер” екенін айтып, шамамен 2 миллион теңгеге жуық қаражаты жоғалғанын растаған.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта полиция ұсталғандардың бұған дейін жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.



