Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Digital Qazaqstan азаматтар мен бизнес сұранысына сай болуы тиіс — Тоқаев

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуына арналған жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кеңес барысында Президент мемлекеттік органдар жасанды интеллект пен цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс атқаруы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі міндет – озық технологиялар мен жасанды интеллектіні ел өмірінің барлық саласына кеңінен енгізу.

Мемлекет басшысы бұл бағытта алдымен тиімді құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырудың маңызына тоқталды.

«Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары елде Цифрлық кодекс қабылданып, сондай-ақ жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енген. Дегенмен бұл тек бастамасы екенін айтты.

«Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінше, түпкі мақсат – әр азаматқа түсінікті әрі ашық жұмыс істейтін «Цифрлық мемлекет» жүйесін қалыптастыру.

«Қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет. Яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button