Әлеумет және қоғам

Атырауда 12 мың көрерменге арналған заманауи стадион құрылысы басталды

Атырауда UEFA IV санатына сай, 12 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадионның құрылысы басталды. Стадион халықаралық стандарттағы футбол алаңын, функционалдық спорт залдарын, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындарды қамтиды және футболдан бөлек регби мен америкалық футбол жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған.

Атырауда 12 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадион құрылысы қолға алынды. Бұл жоба өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа нысан Атырау-2 шағын ауданында шамамен 10 гектар аумақта орналасады. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде: жер тегістеліп, құрылыс техникасы жұмылдырылған. Стадион құрылысы Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тілепбергеннің айтуынша, стадион UEFA IV санатына сай салынып, халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Кешеннің орталық бөлігі халықаралық стандарттарға сәйкес 105×68 метр өлшеміндегі футбол алаңы болады, ал трибуналардың шатырының ең биік нүктесі 28 метрге жетеді. Сонымен қатар, стадионда БАҚ өкілдеріне арналған орындар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 200 орын қарастырылған. Трибуналардың астында спортшылар мен келушілерге арналған функционалдық аймақтар, соның ішінде бокс, күрес, йога, велоспорт, теннис және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар орналасады. Стадион құрылымы футболдан бөлек регби және америкалық футбол жарыстарын өткізуге де ыңғайлы болады.

Жобаны іске асыру мерзімі – 18 ай, құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button