Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев жаңа Конституцияға сай қызмет етуге ант берді

Астанада Ақорда резиденциясында өткен салтанатты жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес қызмет етуге ресми түрде серт берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы елдің жаңартылған Ата заңына қол қойды. Президент өз сөзінде жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, оның қоғам дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.

«Жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата заңның негізінде әділдік қағидаты жатыр.

«Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әрқашан өсіп-өркендей берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиын жаңа Конституцияның ресми түрде күшіне енгенін және елдің саяси-құқықтық жүйесінде жаңа кезең басталғанын айқындады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button