2026 жылдың басынан бері Қазақстанға 3,3 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алды. Мемлекет оларды қолдауды жалғастырып, көшу, баспана және жұмысқа орналасу бойынша қаржылай көмек көрсетуде. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға 7 миллион теңгеге дейін қаражат беріледі.
Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері тарихи отанына 1 млн 168,2 мың этникалық қазақ оралған.
Биыл келген қандастардың басым бөлігі: – 47,8% Қытайдан,
– 43,6% Өзбекстаннан,
– 2,7% Түрікменстаннан,
– 2% Ресейден,
– 2,2% Моңғолиядан,
– 1,7% басқа елдерден келген.
2025 жылғы дерек бойынша, қандастардың 58,1%-ы еңбекке қабілетті жаста, 33,1%-ы кәмелетке толмағандар, ал 8,8%-ы зейнеткерлер.
Еңбекке жарамды азаматтардың білім деңгейі әртүрлі: 13,1%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби білім алған, 51,9%-ы жалпы орта білімді, ал 7,9%-ының білімі жоқ.
Қоныс аударғандар еліміздің әртүрлі өңірлеріне орналастырылған. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.
2026 жылға осы өңірлер бойынша қандастарды қабылдау квотасы 2 281 адамды құрайды. Ал жылдың алғашқы екі айында бұл аймақтарға 569 адам қоныстанды.
Бұл өңірлерге көшкен қандастарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге бір реттік субсидия ретінде отағасына және әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (шамамен 302,8 мың теңге) төленеді. Сонымен қатар бір жыл бойы тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге 15-тен 30 АЕК-ке дейін (64,9–129,8 мың теңге) өтемақы беріледі.
Жыл басынан бері 139 қандасқа түрлі көмек көрсетіліп, олардың 108-і тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бұдан бөлек, ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында солтүстік өңірлерге жұмыс берушілерді тарту шаралары қолға алынған. Тұрғын үй сатып алу үшін 1 625 АЕК көлемінде немесе бір отбасыға 7 миллион теңге ге дейін өтеусіз берілетін экономикалық мобильділік сертификаты енгізілді.



