Қазақстан Үкіметінің отырысында жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру шаралары қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл құжаттың қабылдануы елдің қазіргі тарихындағы маңызды әрі бетбұрыс кезең екенін атап өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап, хабарлады. Ол барлық қазақстандықтарды жаңа Конституцияның жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануымен құттықтап, бұл оқиға мемлекеттің болашағы үшін айрықша мәнге ие екенін жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілігімен жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер мен қоғам қолдауы Қазақстанның түрлі сын-қатерлерге төзімділігін арттырып отырғанын айтты.
Премьер-министрдің сөзінше, жаңа Негізгі заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономиканы және қоғамның барлық салаларын жаңғыртуға жол ашады. Бұл құжат ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындап, бірлік, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарын бекітеді.
Сонымен қатар Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, олардың саяси жүйеге толыққанды қатысуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, адам капиталының дамуына, ғылым мен мәдениетке, цифрлық ортаға және экологиялық қауіпсіздікке қолайлы жағдай қалыптастыруға негіз болады.
Премьер-министр қазақстандықтардың референдумдағы белсенділігі елге деген шынайы патриотизмнің көрінісі екенін атап өтті.



