Қанат Бозымбаев 2026 жылғы 20 наурызда Үкіметтегі брифингте су тасқынына қарсы шараларға бөлінген 49 млрд теңгенің қадағалануы қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Вице-премьердің айтуынша, барлық жұмыстар бюджеттік инвестициялық жобаларға қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Кез келген бақылаушы орган нақты тексеру жүргізе алады. Мысалы, Ақмола облысында Жабай өзенінің арнасын тазалау мен ретке келтіру жұмыстарының көлемін, алынған топырақ мөлшерін, тереңдігі мен енін есептеуге болады.
Қанат Бозымбаев атқарылған жұмыстардың куәгерлер, фотосуреттер және орындалған актілер арқылы дәлелденетінін атап өтті. Егер қаржы жымқырылса, тексеруші органдар бұл фактілерді анықтап, тиісті шара қолданатынын айтты. Барлық процесс заң аясында, конкурс пен тендерлер арқылы, жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен мердігерлермен жүзеге асырылады.



