
Астана – Орал бағытындағы FS7367 рейсінде төтенше жағдай тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы FlyArystan әуекомпаниясы хабарлады.
Оқиға 18 наурыз күні ұшу барысында болған.
Компания мәліметінше, жүктіліктің 27-аптасында болған жолаушының жағдайы кенеттен нашарлаған. Экипаждың шақыруына борттағы екі дәрігер жедел үн қатып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Жолаушының жағдайын және дәрігерлердің ұсынымын ескерген әуе кемесінің командирі ұшақты кері бұрып, ұшып шыққан әуежайға шұғыл қону туралы шешім қабылдаған.
Ұшақ қонғаннан кейін жолаушы жедел медициналық қызмет мамандарына тапсырылды. Кейінірек экипажға сәбидің дүниеге келгені туралы ақпарат берілген. Қазіргі уақытта нәресте дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Әуекомпания өкілдері оқиға кезінде кәсіби көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне, үйлесімді әрекет еткен экипаж мүшелеріне және жағдайға түсіністікпен қараған жолаушыларға алғыс білдірді.



