Әлеумет және қоғамМәдениет

Моңғолиядағы қазақтар Наурызды ұлттық дәстүрмен атап өтеді

Моңғолиядағы қазақ диаспорасы Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен қарсы алады. Баян-Өлгий аймағында өтетін мерекеде ұлттық тағамдар дайындалып, салт-дәстүрлер көрсетіліп, шерулер мен ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Бұл мейрам қандастар үшін бірлік пен ұлттық рухты сақтаудың маңызды көрінісі болып табылады.

Қыстың ызғары сейіліп, табиғат қайта түлейтін шақта, күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулы жандана бастайды. Мал көкке жайылып, адам аққа қол жеткізетін осындай кезеңде жаңару мен жақсылықтың белгісі – Наурыз мейрамы келеді.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз қазақ халқы үшін жай ғана көктем мерекесі емес, ол – ұлттық болмыс, рухани жаңғыру мен бірліктің символы. Бұл мерекені тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, шетелде өмір сүріп жатқан қандастар да ерекше құрметпен қарсы алады.

Солардың бірі – Моңғолиядағы қазақ диаспорасы. Бұл елде шамамен 200 мыңға жуық қазақ тұрады, олардың басым бөлігі Баян-Өлгий аймағында шоғырланған. Аталған өңірде Наурыз жыл сайын кең көлемде, ұлттық дәстүрге сай сән-салтанатпен аталып өтеді.

Мереке қарсаңында халық үйлерін тазалап, ауласын ретке келтіріп, Наурызды ерекше ықыласпен қарсы алуға дайындалады. Әр отбасы дастарқан жайып, Наурыз көже әзірлейді. Қыстан сақталған сүр еттен қазы-қарта, жал-жая асылып, сорпаға көже қайнатылады. Ағайын-туыс бір-бірінің үйіне барып, амандық сұрасып, ақ тілектерін білдіреді.

Бұл күні тіпті алыс жайлауда отырған малшылар да мерекеден тыс қалмайды. Қарапайым қостың өзінде қазан асылып, балалар шат-шадыман күй кешеді. Адамдар бір-бірімен көрісіп, «Қыстан аман шықтың ба?» деп сұрасып, бауырмалдық пен бірлікті нығайтады.

Сонымен қатар Баян-Өлгийде Наурыз кезінде үлкен мерекелік шеру өтеді. Оған түрлі мекемелер қатысып, қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылады. Шеруде түйелі көш, бүркітшілер, көкпаршылар өнер көрсетіп, ұлттық мәдениеттің көрінісін паш етеді.

Мереке аясында қазақ күресі, көкпар, асық ату, теңге ілу секілді ұлттық ойындар мен спорт түрлері ұйымдастырылып, жастардың дәстүрге деген қызығушылығын арттырады.

Осылайша, Моңғолиядағы қазақтар Наурыз мейрамын атап өту арқылы өздерінің ұлттық мәдениетін сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізіп келеді.

АҚПАРАТ KAZINFORM.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button