Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде айтарлықтай алға жылжып, 33-орынға көтерілді. World Happiness Report деректеріне сәйкес, ел өткен жылғы 43-орынмен салыстырғанда 10 саты жоғарылап, ТМД мемлекеттері арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Бұл туралы Информбюро мәліметіне сүйенген Qandastar.kz бағдарламасы хабарлады.
Басқа ТМД елдерінің көрсеткіштері Қазақстаннан төмен болды: Өзбекстан – 53-орын, Қырғызстан – 66-орын, Молдова – 77-орын, Ресей – 79-орын, Тәжікстан – 88-орын, Армения – 89-орын, Әзірбайжан – 102-орын, Украина – 111-орында.
Балтық елдері арасында Литва 28-орынмен алда тұр, ал Эстония 46-орында, Латвия 48-орында орналасқан.
Әлемдік рейтингте Финляндия қатарынан тоғызыншы жыл ең бақытты ел атанса, одан кейін Исландия, Дания, Коста-Рика және Швеция тұр. АҚШ 23-орынға ие болды. Ал тізімнің соңында Ауғанстан, сондай-ақ Сьерра-Леоне, Малави, Зимбабве, Ботсвана, Йемен және Ливан елдері орналасқан.
Бұл рейтинг жыл сайын 20 наурыз – Халықаралық бақыт күні қарсаңында жарияланады. Зерттеуді Оксфорд университетінің әл-ауқат зерттеу орталығы Gallup ұйымымен және БҰҰ-мен бірлесіп жүргізеді.
Бағалау барысында шамамен 140 елден 100 мыңға жуық адам қатысқан сауалнама негізге алынады. Респонденттер өз өмір сапасын 0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша бағалайды. Сонымен қатар жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім, еркіндік деңгейі, сыбайлас жемқорлықты қабылдау және өмір сүру ұзақтығы сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әлемдік экономикалар рейтингінде 36-орынға ие болғаны және Азиядағы ең үздік қалалар тізімінде Сингапур, Токио мен Сеул көш бастағаны хабарланған еді.