Байқоңыр ғарыш айлағынан жөндеуден кейін алғаш рет зымыран сәтті ұшырылды, деп хабарлайды Роскосмос, ақпаратты Qandastar.kz жариялады.
№31 ұшыру алаңынан «Союз-2.1а» зымыран тасығышы «Прогресс МС-33» жүк кемесін орбитаға жеткізді. Ұшу кезеңдері штаттық режимде өтті, кеме есептелген орбитаға орналасты, ал зымыранның үшінші сатысы ажыратылды. Кейін антенналары мен күн батареялары толық ашылды.
Жоспарға сәйкес, 24 наурыз күні «Прогресс МС-33» Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік сегментіне түйісіп, шамамен 2,5 тонна жүк жеткізеді.
Айта кетейік, №31 ұшыру алаңы Байқоңырдағы ғарыш кемелерін ұшыруға арналған жалғыз кешен болып табылады. Өткен жылдың қарашасында ұшыруға дайындық кезінде қызмет көрсету кабинасы құлап, қауіпті жағдай туындаған болатын. Наурыз айында Роскосмос алаңдағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, нысанды қайта пайдалануға берген.



