Қазақстан ұлттық құрамасы халықаралық деңгейдегі жаңа форматтағы FIFA Series турнирі аясында Астанада өтетін ойындарға қатысады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты сілтеме жасады.
Бастапқыда турнирге Қазақстан, Намибия, Комор аралдары және Кувейт қатысуы тиіс еді. Алайда Кувейт құрамасының бас тартуына байланысты жарыс айналмалы жүйе бойынша өтетін болды.
Ойын кестесіне сәйкес, Қазақстан құрамасы 25 наурызда Намибиямен кездессе, 31 наурызда Комор аралдарына қарсы алаңға шығады. Ал 28 наурызда Намибия мен Комор құрамалары өзара ойнайды.
Қазақстан құрамасының тізіміне елдің жетекші клубтарында және шетелде өнер көрсетіп жүрген ойыншылар енген. Олардың қатарында Ресейдің «Зенит» клубында ойнайтын Нұралы Әліп, сондай-ақ Шотландияның «Хартс» командасында өнер көрсететін Ислам Чесноков бар.
Намибия құрамасы туралы мәліметке келсек, олардың футбол қауымдастығы 1990 жылы ел тәуелсіздігін алғаннан кейін құрылған. 1992 жылдан бастап FIFA құрамына енген. Қазіргі таңда Намибия құрамасы FIFA рейтингінде 118-орында тұр. Команда Африка Ұлттар кубогының финалдық кезеңіне бірнеше рет қатысып, 2023 жылы 1/8 финалға дейін жеткен.
Турнирдің негізгі мақсаты – ұлттық құрамалардың ойын тәжірибесін арттырып, әртүрлі құрлықтағы командалардың өзара бәсекелесуіне мүмкіндік беру. Бұл форматта әр құрама екі матч өткізеді, осылайша халықаралық күнтізбеге артық жүктеме түсірмей, тәжірибе жинақтауға жағдай жасалады.
Айта кетейік, биылғы FIFA Series ойындары Қазақстаннан бөлек, Австралия, Әзербайжан, Индонезия, Жаңа Зеландия, Пуэрто-Рико, Руанда және Өзбекстан елдерінде де өтеді.
