Алматы облысында Наурыз мейрамына қатысты даулы пікір айтқан видео авторы ұсталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода ер адам қазақ халқында Наурыз мейрамы болмағанын, оның парсы халқынан келгенін айтып, мұсылмандарға бұл мерекені тойлауға болмайтынын мәлімдеген.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, аталған бейнематериал 23 наурыз күні мониторинг барысында TikTok желісінен анықталған. Жедел шаралардың нәтижесінде 1991 жылы туған азаматтың жеке басы анықталып, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша діни алауыздықты қоздыру бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Еске салайық, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 2-бөлігіне сәйкес, діни алауыздықты қоздыру әрекеті үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



