Әлеумет және қоғам

ҰБТ-2026: аралық қорытындылар жарияланды

2026 жылғы наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 117 мыңнан астам талапкер қатысып, 67,11 % шекті балл жинады. Үшінші аптада 179 ереже бұзушылық анықталып, кейбір талапкерлер тестілеуден шеттетілді.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі наурыз айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) аралық нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

2026 жылғы 2 наурызда басталған ҰБТ-ны бүгінге дейін 117 мыңнан астам адам тапсырған. Олардың 71,6 %-ы қазақ тілінде, 28,3 %-ы орыс тілінде, ал 111 адам ағылшын тілінде сынақтан өткен.

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67,11 %-ы шекті баллға ие болды. Бес пән бойынша орташа балл – 63, ең жоғары нәтиже – 139 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 283 талапкер үшін арнайы жағдайлар қарастырылған.

Тест тапсырғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға жол беруге болады. Техникалық себептер бойынша апелляциялар тестілеу кезінде тікелей қабылданады. Апелляциялар қаралғаннан кейін сертификаттар жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ үшінші аптасында 179 ереже бұзушылық анықталды. 97 талапкер тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті үшін тестілеуден шеттетілсе, тағы 82 адам ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына сынақ тапсыру фактілері тіркелмеген.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды қолданған немесе ережелерді бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, тестілеуге 184 мыңға жуық өтініш түскен.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button