ЖаңалықтарСпорт

Ербол Хамитовқа тағы бір атақ табысталды

Пара биатлоннан Миланда өткен қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ербол Хамитовпен және жаттықтырушыларымен кездесті.

Сондай-ақ министр Ербол Хамитовтың жаттықтырушылары – Аслан Тоқбаев, Василий Коломиец және Антон Ждановичті Құрмет грамотасымен марапаттады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Ербол Хамитовқа ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстаған болатын.

Ал Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденімен, Аслан Тоқбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов мықты спортшылар мен кәсіби спорт менеджерлерін қолдаудың маңызын ерекше атап өтті.

  • Ербол Хамитов – Қазақстанның пара спорттағы әлемдік деңгейдегі жетекші спортшыларының бірі. Оның басты ерекшелігі – әмбебаптығы. Ол пара шаңғы жарысы мен пара биатлонда бірдей жоғары нәтижелер көрсетіп, төзімділік, дәлдік және тактикалық шеберлікті шебер ұштастыра біледі. Сонымен қатар ол пара биатлоннан Әлем кубогінің жалпы есебінде жеңіске жетіп, Хрусталь глобусты иеленген Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды.

Сондай-ақ ол жуырда Италияның Милан-Кортина қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов ел қоржынына пара биатлоннан алтын, пара шаңғы жарысынан қола медаль салды.

Back to top button