Жол инфрақұрылымы
Биыл қалада 43,1 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, күрделі жөндеу әзірге қарастырылмаған. Қосымша бюджет бөлінген жағдайда шоқалақтарды бітеу, жол жиектерін бекіту, жол белгілерін жаңарту, жол сызықтарын жаңарту сияқты қосымша жұмыстар атқарылмақ. Әбдібаевтың айтуынша, бұл шаралар жол сапасын арттырып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Газ және сумен қамту
Қаладағы 12 шағынауданның 10-ы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Құйған шағынауданында газ жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Дәулет шағынауданынан Қайрат шағынауданына дейін газ құбырын тарту жоспарланып отыр, жобаны жеке компания жүзеге асырады. Алатаудағы барлық аудан орталықтандырылған сумен қамтылған, бірақ тұрғындардың 86,6%-ы ғана су құбырымен қамтамасыз етілген. Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағынаудандарында су жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Инженерлік инфрақұрылым
Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Жетіген, Заречный, Қоянқұс шағынаудандары мен Gate City тұрғын үй кешенінде кәріз жүйелері жұмыс істейді, жалпы ұзындығы 41 шақырым. Дәулет шағынауданында үш кәріздік сорғы стансасы салынып, 15 шақырым кәріз желісі төселмек.
Тұрғын үй құрылысы
2025 жылы 150 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл 40 мың шаршы метр тұрғын үй аяқталады. Жаңа нысандар Жетіген, Қоянқұс, Ынтымақ, Жаңаарна және Жаңадәуір шағынаудандарында салынуда. Көбі Gate City тұрғын үй кешені маңында шоғырланған.
Байланыс және цифрлық инфрақұрылым
Барлық аудан 3G және 4G мобильдік байланыспен қамтылған. Жетіген шағынауданында 2025 жылы Теле2 операторынан 5G базалық стансасы іске қосылды. Кей шағынаудандарда және Алматы–Өскемен тас жолы бойында шамдар, бейнебақылау камералары және байланыс құрылғыларын орнату жоспарланған.
Әкімдік өкілі Б. Әбдібаев барлық жұмыстардың қала инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік желілерді күшейтуге және тұрғын алаптарын өркендетуге бағытталғанын атап өтті.
Еске салайық, 2024 жылдың қаңтарында Жетіген ауылы Алатау қаласы болып өзгертілген және Парламент қаланың арнаулы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңды қабылдады.
Дереккөз: KAZINFORM.KZ.


