Имам Құрбанәлі Ахмет қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелерінен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін қайын атасы “сыйлағанын” айтып, алғашқы жұбайының келісімінсіз некеге тұрғанын жеткізген. Кейін екінші әйелімен арада келіспеушілік туындап, ажырасу мәселесі көтерілген. Сол кезде имам оған өз шәкірттерінің бірін таңдап, соған тұрмысқа шығуын ұсынған. Нәтижесінде әйелді шәкіртіне қосқанын мәлімдеген.
Бұл пікірлер қоғамда үлкен талқылауға себеп болып, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан сынға ұшырады. Көпшілік мұндай көзқарастардың дәстүр мен дін қағидаларына қайшы екенін атап өтті.
Алматы қаласының құзырлы органдары тексеріс жүргізіп, айтылған мәлімдемелер Қазақстан заңнамасына сәйкес келмейтінін хабарлады. Соның нәтижесінде имамға айыппұл салынды.



