«Ашық НҚА» порталында Астананың мәртебесін айқындайтын Конституциялық заң жобасы жарияланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты KAZINFORM порталына сілтеп хабарлады.
Заң жобасын Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген және онда қала тұрғындарына тікелей әсер ететін бірнеше маңызды норма қарастырылған.
Біріншіден, Астанаға қоныстану тәртібі қатаңырақ реттелуі мүмкін. Мәслихат қала аумағында тұрғылықты немесе уақытша тұруға тіркеу нормативтерін бекітіп, әкімдік оларды жүзеге асырады. Яғни елордаға көшіп келу мен тіркелу тәртібін әкімдік пен мәслихат реттеп отырады.
Екіншіден, жер және мүлікке қатысты мемлекеттік өкілеттіктер күшейеді. Заң жобасы әкімдікке мақсатқа сай пайдаланылмайтын жер учаскелерін немесе жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін сотқа талап-арыз беруге мүмкіндік береді. Мемлекет мұқтаждығы үшін жерді алу процесі толық реттеліп, меншік иелеріне хабарланып, нарықтық құны есептеледі, өтемақы төленуі мүмкін, бірақ соңғы шешім мемлекетке беріледі.
Үшіншіден, тұрғын үй қорын жаңарту және ескі үйлерді бұзу тәртібі нақтыланады. Әкімдік апаттық деп танылған көппәтерлі үйлерді бұзу мен жөндеуді ұйымдастыра алады. Бұл қаладағы қауіпсіз емес үйлерді жаппай жөндеуді немесе сүруді жеделдетеді. Сонымен қатар, қалада бірыңғай сәулеттік стиль енгізу үшін үйлерді жөндеу жұмыстары мемлекет есебінен қаржыландырылады.
Жалпы, заң жобасы Астананы жоспарлы дамитын, реттелетін қалаға айналдыруға бағытталған. Конституциялық заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.


