Құтқарушылар Алматы тауларында адасып қалған бес жасөспірімді аман-есен құтқарып алды. 2009 жылы туған балалар Күмбел шыңына көтеріліп, жолда бірінің демікпе ауруы асқынған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты ТЖМ сілтеп хабарлады.
«112» пультіне хабар түскен соң, балалардың әкесі олардың Күмбел шыңынан «Үш ағайынды» шыңы маңына (шамамен 3000 м) түскенін, содан кейін кері қайтқанын айтып, ұлының демікпесі барын ескере отырып, көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласының ТЖД Құтқару қызметінің экипаждары, «Барыс» республикалық құтқару қызметі және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері тартылды.
Бір сағат ішінде құтқарушылар балалармен көзбе-көз байланыс орнатып, олардың арақашықтығы шамамен 1,5 км екенін анықтады. Демікпесі асқынған жасөспірім қарда жүретін техника арқылы эвакуацияланып, АМО бригадасына тапсырылды. Қалған төртеуі құтқарушылардың жетекшілігімен жаяу түрде Көкжайлау шатқалына жеткізіліп, қалаға қайтарылды.
Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен жасөспірімге алғашқы көмек көрсетіп, ингаляция жасады және оны үйіне жеткізді.
Барлық балалар табылды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Толығырақ: Nur.kz.

