Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қостанайда үлестік құрылысқа қатысты 162 млн теңгелік алаяқтық ісі сотқа жетті

Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2022-2024 жылдар аралығында қажетті рұқсат құжаттарынсыз «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу сылтауымен азаматтардың қаражатын заңсыз тартқан.

Ол жеке тұлғалармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасасқан.

Жобаның заңдылығын көрсету мақсатында әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіп, Қостанай қаласында кеңсе жалға алған.

Алайда іс жүзінде «Семья» тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысына 28 жеке және 1 заңды тұлғадан 162 млн теңгеден астам қаражат тартылғанымен, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмаған. Тергеу нұсқасына сай, күдікті қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған.

Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайларына тыйым салынды. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Ведомство рұқсат құжаттары мен кепілдіктері жоқ жобаларға қаржы салмауды, құрылыс компанияларының сенімділігін мұқият тексеруді ұсынады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button