
Семейде заңсыз алкоголь өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Абай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін өндіруді ұйымдастырған.
Заңсыз өндіріс тұрғын үй мен гараждар аумағында жүргізілген. Онда спирт сумен араластырылып, дайын өнім танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған.
Өнімге заңды сипат беру мақсатында алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.
Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімдері, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді.
Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік тұрғын үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.
Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.



