
Алматы қаласында блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Айта кетері, блогер әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты видео жариялағаннан кейін ұсталған.
Құзырлы органдар аталған материалда шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар бар екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта блогерге қатысты жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ресми ақпаратқа сай, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған.
Аталған бап жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті қарастырады.
Заңға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе бір жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.
Әлеуметтік желілерде, әсіресе Instagram платформасында блогердің 1 миллионнан астам жазылушысы бар.
Ол әл-Фараби даңғылындағы адам өлімімен аяқталған жол апатына қатысты бірнеше жазба жариялап, апатқа құқық қорғау органының қызметкері қатысы болуы мүмкін екенін алға тартқан.
Тергеу барысында блогердің бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарғаны анықталған.
Алайда, полиция мәліметінше, ол ішкі істер органдарынан жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылған.
Сонымен қатар, оның бұған дейін топпен жасалған тонау қылмысы бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды.



