Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында орналасқан «Qazaq Oil-R437» жанармай құю бекетінде жарылыс болып, бір адам зардап шекті. Бұл туралы Lada.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оқиға 10 наурыз күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанармай бекетінің аумағында металл бөшке жарылып, жалдамалы жұмысшы түрлі деңгейдегі күйік алған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бұл жағдай бойынша өрт тіркелмегенін мәлімдеді. Дегенмен, мамандар полицияның шақыртуымен ауруханаға барып, зардап шеккен азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін ескерту жасаған.
Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы да оқиғаны тексерген. Анықталғандай, зардап шеккен ер адам уақытша жұмысқа тартылған және онымен ресми еңбек шарты жасалмаған.
Қазіргі уақытта мамандар азаматты заңсыз, яғни келісімшартсыз жұмысқа тарту дерегі бойынша қосымша тексеру жүргізіп жатыр. Егер заңбұзушылықтар дәлелденсе, тиісті шаралар қабылданады.


