
Абай облысының Аягөз ауданында көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері адам саудасына байланысты қылмыс жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы облыстық сот хабарлады.
Істі Аягөз аудандық соты қарады.
Сотталушыға адам саудасы, адамдарды жалдау, тасымалдау және беру, сондай-ақ бірнеше рет алдау және сенімді теріс пайдалану баптары бойынша айып тағылған.
«2024-2025 жылдары Аягөз қаласының тұрғыны мас боп жүретін әлеуметтік осал азаматтарды іздеп тауып, олардың сеніміне кірген. Тіпті психологиялық қысым көрсеткен. Жұмысқа орналастырамын деп алдап, шаруа қожалықтарына апарады. Ал қожалықтар берген ақшаны өз пайдасына жұмсаған», – делінген сот хабарламасында.
Іс материалдарына сәйкес, барлығы бес эпизод анықталған. Сотталушы жәбірленушілерді Семей қаласындағы вокзал мен базар маңынан мас күйінде жүрген жерінен тапқан.
«Жұмысқа орналастырамын деп олардың сеніміне кірген. Бірақ кейбірін тіпті қозғалыс еркіндігінен шектеп, психологиялық қысым көрсеткен. Алдын ала уағдаластық бойынша шаруа қожалықтарының басшылары әйелдің жеке шотына 100 000-нан 400 000 теңгеге дейін аударған», – деп мәлімдеді Абай облыстық соты.
Сот барысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
Жәбірленушілер де сотта онымен татуласқанын, кешірім бергендерін жеткізіп, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот үкім шығару кезінде айыпталушының «Күміс алқа» иегері екені ескеріліп, бұл жазаға жеңілдетуші мән-жай ретінде танылды.
Соған қарамастан, сот оны 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Жазасын ол орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.



