Жаңалықтар
ҚЫЗЫЛОРДАДА 150 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
60 және 90 пәтерлі көпқабатты үйлерге мүмкіндігі шектеулі азаматтар, толық емес отбасылар мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қоныстанады,
Бүгін ерекше қуанышқа кенелгендердің бірі – Роза Әкімтаева. Жалғызбасты ана 17 жылдан бері пәтер кезегінде тұрып, баспана тауқыметін тартып келген. Роза Әкімтаева, қала тұрғыны: – Аллаға шүкір, оразаның соңғы күндерінде баспаналы болып жатырмын.
Осы баспанада өсіп-өніп, көгеріп-көктеуге нәсіп етсін. Барлық кісілерге осындай менің қуанышым жұғысты болсын. Толық емес отбасы болып тіркелгенмін. Қуанып тұрмын, әрине, бұндайға жеткен де, жетпеген де бар. 17 жылдан бері үйге жету деген үлкен қуанышта тұрмын. Халықтың аз қамтылған тобына баспана беру, қамқорлық көрсету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарының негізгі басымдығы. Өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылып жатқанын саралаған облыс әкімі биыл тағы 67 тұрғын үй құрылысы жүргізілетінін жеткізді. Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі: – Өткен жылы өңірде 4170 пәтерді құрайтын көпқабатты үйлер салынып, ел игілігіне берілді. Биылдың өзінде жақында ғана 252 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Биыл да 3 мыңға жуық пәтер салынатын болады. Оған кезекте тұрған азаматтар ие болады. Біз оны жыл барысында тағы ұлғайтатын боламыз.
Жақын күндері «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 шақты жас отбасыға баспана кілті табысталады. Облыс орталығынан бөлек ағымдағы жылы аудандарда 700 пәтерлік үйлер салынады.