Жаңалықтар

РУСЛАН ТІЛЕУБАЕВ: ОРАЛМАНДАР ҮКІМЕТ ҰСЫНҒАН ӨҢІРЛЕРГЕ БАРСА, МҮМКІНДІК КӨП

Шеттен келген қандастарымыз мемлекет бекітіп берген Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, ШҚО өңірлеріне қоныстанса мемлекет тарапынан көптеген қолдауға қол жеткізе алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма жетекшісі Руслан Тілеубаевпен әңгімелесу барысында білдік.

– Елбасы тапсырмасынан кейін шеттегі қандастарымызға рухани көмек ретінде қолға алынып жатқан іс бар ма?

– Өткен жылы жазда өздеріңіз білетіндей Елбасының қатысуымен үлкен Құрылтай өтті. Сол Құрылтай жиынында Президент бірқатар тапсырмалар берді. Соған байланысты қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Үкімет Қаулысының жобасын дайындап жатыр. Ол тікелей шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсету, рухани көмек көрсетуге арналған мәдени жоба болмақшы. Сондықтан Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы арқылы жүргізілетін болады. Жобада шет елде тұратын қазақ диаспораларын оқулықпен, түрлі әдебиеттермен, ақпараттық басылымдармен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылған.

– Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың жүзеге асу барысы қалай?

– Жаңа жоғарыда айтқан Елбасының Құрылтайда берген тапсырмасының кейбіреулері қазірдің өзінде орындала бастады. Атап айтар болсақ, мемлекеттік оқу гранты биылғы, яғни 2017-2018 оқу жылында екі есе ұлғайды. Бұрын барлық гранттың 2 пайызын иеленген болса, қазіргі уақытта 4 пайызға жетті. Мысалы жыл сайын 30 мыңнан астам грант бөлінсе, соның 4 пайызы шеттен келген қандастарымызға тиесілі деген сөз.

– Қазір шеттен келген қандастарымызға квота беріле ме?

– Квота мәселесі бойынша. Мысалы еліміз бойынша квота берілетін облыстар бар. Әсіресе солтүстік өңірлер. Мысалы Қазақстан республикасы бойынша халықтың ішкі көші-қонының негізгі мақсат – ел территориясында халық тығыздығын біркелкі ұстау. Себебі өздеріңіз білетіндей оңтүстік өңірде халық тым тығыз орналасқан. Еліміз халқының 50 пайызға жуығы Оңтүстік, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Ал керісінше солтүстік өңірлерде 20 пайыздайы ғана бар. Осы территориялық теңсіздікті жою үшін шеттен келген қандастарымызды да солтүстікке жіберу мәселесі қолға алынып жатыр. Ол үшін түрлі ынталандыру жұмыстары да қосымша жүргізіліп жатыр.

Мысалы, биылғы жылы 1500 адамға квота белгіленген. Ол сол мемлекет белгілеп берген өңірлерге көшіп барған отбасының әр адамына 80 мың теңге көлемінде бір реткі көмек беріледі деген сөз. Оның сыртында көшіп келген отбасы үй жалдап тұратын болса, бір жылдық шығынын үкімет өзі төлейді. Оның мөлшері отбасындағы адамдардың санына, отбасының қайда орналасқанына байланысты, қалалық жерде ме, ауылда ма дегендей. Ауыл мен қалада пәтер жалдаудың бағасы екі түрлі екенін өздеріңіз де білесіздер. Осыған байланысты 15-тен 30 АЕК дейінгі мөлшерде үй жалдауға кететін шығынды, яғни ай сайын 36-72 мың теңге көлеміндегі қаржыны үкімет өзі төлеп береді. Бұл айына кететін шығын. Мысалы бір айға 50 мың теңгеге үй жалдап тұрған отбасы жылына 600 мың теңгесін үнемдейді деген сөз. Ал егер, сол өңірге көшіп барған отбасы бір жылды күтпей, үй сатып аламын дейтін болса, жаңағы 600 мың теңгені үкімет бірден төлеп береді. Бұл сома жетпейтін болса, көшіп келуші өзі ақша қосады, ал бұл сома артығымен жетіп, артылып қалатындай болса, артық қалған ақшаны сол отбасы өз игілігіне жарата алады.

– Шеттен келген қандастарымыз бен ішкі көші-қон бойынша қоныс аударатын қазақстандықтар арасында қандай да бір заңнамалық немесе әлеуметтік қамсыздандыру бойынша айырмашылық бар ма?

– Қазақстан Республикасының көші-қон туралы заңнамасында шеттен келген қандастар мен ішкі көші-қон бойынша оңтүстіктен солтүстікке көшкен қоныс аударушылар арасында айырмашылық жоқ. Біз өз азаматтарымызға қандай жағдай жасап, қандай мүмкіндік беріп отырсақ, шеттен көшіп келген ағайынға да тура сондай жағдай жасауды қолға алып отырмыз. Біз ешкімді де шетелден келдің бе, Шымкенттен келдің бе, Жамбылдан келдің бе деп бөлмейміз. Кім көшіп келді, қайда қоныстанды, қазақ па, болды. Қолдау шаралары барлығына ортақ.

– Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға қандай көмектер көрсетіледі?

– Ішкі көші-қон болсын, сырттан келетін ағайын болсын, барлығына ортақ 2018 жылдан бастап тағы екі жоба қостық. Оның бірі – жұмыс берушілерге субсидия. Мысалы, көп адам көшіп барған жерінен жұмыс таппай қиналатыны белгілі, соны жеңілдету мақсатында, егер жұмыс беруші көшіп келушілер қатарынан кемінде 5 адамды олардың отбасын көшіру, жаңа тұрғылықты жеріне жайғасыру, балаларын балабақшаға, мектепке орналастыру бойынша шығындардың барлығын шеше отырып, тұрақты жұмысқа қабылдаса, мемлекет оған 450 АЕК бойынша субсидия береді. Бұл – 1 млн-нан астам сома, қайтарымсыз көмек.

Биылғы жылы қолға алынған екінші жоба ол – бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік гранттар. Мысалы қазіргі уақытта шеттен келетін ағайындардың ортасында да орта біліммен ғана келетіндер, тіпті бастауыш сыныпты ғана бітіріп, өмірбойы мал соңында өткен адамдар да келеді. 60 пайызға жуығының жоғары білімі жоқ немесе белгілі бір маман иесі емес. Сондықтан да ол кісілер жер болса, Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Содан өз нәпақасын тауып, мал бордақылау арқылы өз ісін дөңгелеткісі келеді. Ал ондай азаматтар өз ісімен айналысып, өз шаруашылығын дамытып, еңбек етемін, кәсіп ашамын деген бизнес-идеясы болатын болса, мемлекет 100 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар береді.

Мысалы, мұны былай деп түсінуге болады. Шет елден болсын, тіпті Қазақстанның өз ішінен болсын көшіп келген адамның өзі қолынан іс келетін, місекерлігі бар, тігін тігу, түрлі ағаш бұйымдарын жасау, темірден түйін түйген шебер деп есептесек, мемлекет сол адамның кәсібін алып жүруі үшін, тігіншіге тігін машинасын, ағаш шеберіне станогін деген секілді құрал-саймандарын сатып алуға осы қаражатты пайдалана алады.

– Басқа қандай тиімділіктер бар?

– Жалпы қоныс аударушылар «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасының басқа бағыттарына қатыса алады. Бағдарлама негізгі үш бағыт бойынша іске асырылады. Бірінші бағыты – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету; екінші – жаппай кәсіпкерлікті дамыту; үшінші – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Бұл бағдарлама тікелей Елбасының бастамасымен қолға алынып, екі жылдан бері іске асырылып келеді.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қоныс аударушылар колледждерде, кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында тегін білім ала алады.

Ал қысқа мерзімді курс дегеніміз – мысалы сіз көшіп келген азаматсыз, бұрын мектеп бітірдіңіз, тіпті жоғары оқу орнын бітірдіңіз, бірақ сол мамандығыңыз бойынша қолайлы жұмыс жоқ. Бірақ сіз жас бала емессіз, отбасын асырау керек, тездетіп жұмысқа орналасуыңыз керек дегендей. Осындайда үкіметтің арнайы шығарған 1 айдан 6 айға дейін жалғасатын қысқа мерзімді курсынан өтуіңізге болады. Онда күнделікті тұрмысқа керекті мамандықтар, шағын кәсіпкерлікке тиімді шаштараз, дәнекерлеуші, аспаз, сылақшы деген секілді жұмысшы мамандықтарға дайындайды.

Оқу мерзімінде білім алушыларға стипендия, оқу орнына бару мен қайту шығындарына және тұруға материалдық көмек көрсетіледі.

– Шеттен келген қандастарымыз шағын несие ала ала ма?

– Тағы да қайталап айтамын, Қазақстан Республикасы бойынша әлеуметтік салада шеттен келген қандастарымыз бен ішкі көші-қон арқылы қоныс аударған Қазақстан азаматтарының мәртебесі бірдей. Қазақстан өз азаматтарына конституция бойынша қандай кепілдіктер береді, шеттен келіп, оралман мәртебесін алған қандастарымызға да тура сондай көмектер көрсетіледі.

Соны ескере отырып, мемлекеттің тағы бір жеңілдігін айта кетуге болады. Ол – кәсіп бастаймын деген адамдарға берілетін микро-кредиттер. Биыл бұл несие сомасы 18 млн теңгеге дейін барды. Солтүстік өңірге келіп, шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға осы микро-кредит арқылы да өз жағдайын жасап, кәсібін ашуына болады. Және бір айта кетерлігі, осы шағын-несие беру мәселесі бойынша Президентіміздің соңғы тапсырмасына сәйкес мемлекет қорынан 20 млрд теңге бөлінді.

Біз үшін Қазақстан халқының өзін-өзі жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнесті дамытуы ең басым бағыттардың бірі, сондықтан да Қазақстан Үкіметі елдің дамуына үлес қосамын деген азаматты қашан да қолдауға дайын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Baq.kz 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close