Жұмыспен қамту

«Оралмандар кедей екен»

Әңгімені әріден бастасақ. Турасы – өзімізден. Еліміз егемендік алып ес жиып, етек-жеңімізді жаппай тұрып, Елбасы қандастарды Отанға шақырды. Алдын арнайы ұшақпен алдырды. Соңы ілесе көшті. Көш 2000 жылдан кейін ұлғая түсті. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығы елге ел, басқа бас қосылған жақсы кезеңдердің бірі болды. Әрине, еліміз үшін де, көшіп келген қандастар үшін қиындықтар болмады емес, болды. Бірақ, қиындық артта, жақсылық алда еді. Осы үмітпен үдере тартқан қазақ елі бүгінгі күнге әлемді ауызына қаратқан алпауыт болмаса да, алыптар санасатын айтулы мемлекетер қатарына қосылды. Шүкір делік! Алайда қазіргі қауіп – жеріміздің тұтастығы. Әсіресе, самсап жатқан солтүстік аймақтарды сақтап қалу мәселесі үкімет назарында. Президент бұйрық беріп, ішкі көші-қонды тапсырды. «Оралман келіп орта толғанша, Қырым сынды жеріміздің сол жақ шеті опырылып кетпесін» дегені. Тапсырманы билік мүлтіксіз атқаруға, бөлінген қаржыны «бөлшектемей» ақтауға тырысып-ақ бағуда. Бірақ, неге ішкі көші-қон әліге баяу? Неге «нан іздеп» Шімкенттен Алматыға сабылғандар, даяр асқа тік қасық болып терістікке қотарыла тартпайды? Себеп – суық дейді, «жылы орынды суытқысы келмейді». Ол жәй ғана сылтау. Ақ қар, көк мұзда алақан жайып көшеде отырғанда суық болмайтын табиғат, ат арытып Арқаға ауғанда суық бола қалатыны несі? Жоқ, гәп басқада. Бұрынғы жемқорлықтың салқыны бүгінгі әкімдерге деген сенімнен айырған. Құрғақ уәдеден қорқады. Көшіп барып далада қалудан, нөлден бастап тұрмыс кешуден қорқады. Сіз күнде болмаса да, жылына бір барып-келіп, тым құрығанда барған-келгеннен естіп-біліп отырған, өзіңіздің «мына тұрған» көрші облысыңызға көшіп барудан осыншама қорқып отырғанда, шетел асып, танымайтын ел-жерге көшіп келудің қаншалықты қиын екенін елестете беріңіз… Оған қазіргі Қытайдың сол жақтағы қазақтарға қолданып жатқан зорлық-зомбылығын қосыңыз. Салдарынан дүние-мүлкін тастап қашып келуге мәжбүр. Неге? Енді қараңыз…
Сонау 2000 жылдардың алғашқы он жылдығында Қытайдан көшіп келгендер:
1- «Бәрін» (атақ-абырой, ірі лауазым, қызметтерін) тастап көшкендер легі. (Өнер, мәдениет, әдебиет пен спорт саласындағы танымал тұлғалар да бар)
2- Зейнеткерлер.
3- Егінші-малшы қауым өкілдері. Байы да, кедейі де, орта табы да бар.
4- Жастар. Жұмыс тапқаны жұмыс істеді, оқығаны оқыды.
Ал қазіргі Қытайда қалғандар:
1- Мемлекет қызметкерлері.
2- «Танымайтын ел-жер» – деп, қорыққандары.
3- Қытайдың уақытша саясатына сеніп қалғандар.
4- Байлығын, дүние-мүлкін қимағандар.
Мәселе бұлардың қалай қалғанында емес, кімнің қалғанында болып тұр. Басым бөпшілігі – мамандар. Маман болғанда елімізге қажетті мамандар. Білікті дәрігерлер, ұстаздар, тағысын-тағы… Олар «Ащы еңбектің тәтті жемісін жейміз, зейнетке шығып алып барамыз» – дегендер. Жөн. Өйткені бұл жаққа келсе, олардың еңбек өтілімі қарастырылмайды. Дипломдары танылмайды. Қытай ондай мүмкіндік бермейді. Және олар – үкімет жұмысынан басқа ештеңе істей алмайтын «ақ алақандар.» Яғни, мұнда келіп базарға, егін немесе мал шаруашылығына кірісіп кете алмайды. Енді не істемек керек? Қытайдан зейнетақы алу керек. Бұл жаққа келгенде басқаша жанбағыс пен күн көрістің түрі жоқ. Олар сол зейнетке шығатын соңғы 3-4 немесе 5-6 жылын күтіп жүргенде Қытайдың саясаты бір-ақ жылда «аудырылып» шыға келді. Дүние-мүлкін сатып Атамекенге кетпек түгілі, өз бастарын алып шығу мұңға айналды. Енді мүмкіндік болса, дәм тартса келеді олар. Ел-жерін аңсап, жете алмай отырғаны қаншама?! Әттең жете алмай отыр. Ертең олар Отан үшін бар байлығын Қытайға тастап, қашып келсе — «Оралмандар кедей екен» демеңіз. Қайта соларға бүгіннен бастап жұмыс табу, құжаттарын рәсімдеуді жеңілдету жолдарын қарастыруымыз керек. Жұрт болып жұмылып, қиындық атаулыға төтеп беруге тиіспіз. Тәуелсіздікті сақтап қалудың тағы бір жолы – осы болмақ.


Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close