Әлеумет

Моңғолия қазақтарына қолдағы малдарымен көшуге рұқсат берілсе

«Қандастар» жобасы аясында әр тараптан келетін оралман  қазақтардың мұң-мұқтажын тыңдау міндетіміз. Қызығы әр елден келетін қандастарға ҚР  оралмандар туралы заңы әр қалай. Осы негізде Шет елде тарыдай шашылып жүрген қандастардан сұқбат алып, қиыншылықтарын өз ауыздарымен сөйлеткенді жөн көрген едік. Бүгінгі қонағымыз Моңғолия елінен тәуелсіздік алған жылдары келген, Астана  қаласындағы Шабыт шығармашылық орталығының директоры филология ғылымдарының  Кандитаты, Қауымдық  профессор, ҚР мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы. Арғы жақта қалған қандастарға шын жаны ашитын Қуандық аға Моңғолия қазақтарының  жай күйін әңгімелеп берген еді. 

 

— Сіз Моңғолиядан келген қандастарымыздың бірі екенсіз,  қай жылдары келген едіңіз?

-Мен 1993 жылы Моңғолиядан екі ел арасындағы Еңбек шарты бойынша Жезқазған қаласына көшіп келген едім. Жалпы, көші-қон процесі Совет одағы тарамай тұрып басталған. Совет одағы Моңғолиядан еңбек күші ретінде Қазақстанның совхоз-колхоздарына малшы, дихандар керек деп өтінім жолдаған. Оны қабылдаған Моңғолиядағы қазақтар «Қазақстанға жетіп алсақ болды. Қалғанын көре жатармыз» десіп, қаладағы зиялы қауым өкілдері бастап көше бастады. Олар алғашқы жылдарда жоғары білім алған дипломдарын сандықтың түбіне салып тастап, совхоздарда мал бақты. Ал, мен ондай келісім шартты қабылдамадым. 1992 жылы Қазақстанға сол тұстағы Моңғолияның ұлттық ақпараттық агенттігінің (Монцамэ) командировкасымен сапарлап, елге келіп қоныстанушылардың жағдайымен танысқан едім.

Туыстарым сол жылы Жезқазғанның Жезді ауданына қоныс аударғандықтан олардың да жағдайын білуге Байқоңыр совхозына соққан болатынмын. Қайтар жолда облыстық «Сарыарқа» газетінің редакциясына келіп, бас редактормен таныстым. Сабыр Сауытбаев деген кісі екен. Жасы үлкен, көпті көрген ақсақал ағамыз маған қолқа салды. «Бірге туысқан бауырларың мен анаңа сүйеу бол. Қалаға көшіп кел. Бөтен елді не қыласың, қазақта «жат жарылқамайды, өз өлтірмейді, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бар. Мен сені қызметке қабылдаймын» — деп, әй-шәйға қарамастан, Моңғолияның Еңбек министрлігіне ресми хат жазып, сөмкеме салып берді.

Сонымен, арада бір жыл өткен соң 1993 жылы 18 тамызда Моңғолиямен біржолата қоштасып, Қазақстанға келіп қоныстанған жайым бар.

— Моңғолияға қалайша тап болып жүрсіз?

-Моңғолия – менің де, әкемнің де туған мекені. Атам Дөңтай Қожамбетұлы қазіргі Шыңжаңның Алтай өлкесінде туып-өскен адам.

1920 жылдардың соңында Шығыс Түркістандағы саяси, әлеуметтік жағдай күрт шиеленісіп, қытайлар қазақтарды ішкі өлкелеріне қарай ығыстырып, жаппай қытайландыру саясаттарының шет-жағасы сыр бере бастаған тұста Дөңтай үш мыңға жуық қазақ отбасын бастап Моңғолияға қоныс аударған.

Олар шекарадағы Ажбоғда тауының маңындағы бір үлкен тауды уақытша мекен етіп бір жылға жуық тұрады да Моңғол үкіметінің ұйғаруымен Завхан аймағының Борх деген жеріне келіп, қоныстанып, дербес қазақ хошуун (аудан) болып ұйымдастырылады. Жоғарыдағы тауды күні бүгінге дейін жергілікті монғолдар Хасагт Хайрхан уул (Қазақ Әулие тауы) деп атайды.

Моңғол жеріне қазақтардың ең көп алғаш рет шоғырланғаны және тұңғыш дербес әкімшілік жүйесі — хошуун құрып өзін-өзі басқарғаны да осы еді. Бұл кезде қазіргі қазақ аймағы Баян-Өлгий орнамағанымен онда да 1911 жылы келіп орналасқан азғана қазақ болған.

Шығыс Түркістандықтар оны Қобда беті деп атаған, яғни Сыртқы Моңғолияның Чандман-уул аймағына қарайтын. Сонда Дөңтай атам өз елінің көшін батыстағы қандастарына қарай бұрмай неге орталықты бетке алды. — деген сұрақ тууы орынды.

Мұнда үш түрлі себеп болған. Біріншіден. Шыңжаңдағы Құмыл, Баркөлден Моңғолиядағы Қобда бетіне дейін жер алыс. Мал-жанмен, бала шағамен айлап-жылдап жүріп жету оңай емес. Сонымен қатар жол-жөнекей ұры-қары, қашқын-тонаушылар да көп. Екіншіден, Қобда беті — қазақтың ата жауы жоңғарлардың ежелгі мекені. Ондағы ұранқай, дөрбеттерден гөрі қазақтар үшін кең қолтық, ақ көңіл, кең пейіл орталықтағы халха (моңғол ішіндегі ру) жұрты қолайлы еді. Үшіншіден, Чандман-уул аймағы батыс шекарадағы қиыр шеткі өлке. Ел астанасы Ұланбатыр екі мың шақырымдай алыс.

Міне, осылайша 1929 жылы қазіргі Завхан аймағының Алдархан, Говь-Алтай аймағының Дарви елді мекендерінің өлкесінде Борх деп аталатын қазақ хошууны оранаған.

Кезінде бұл хошуунға Моңғолия Үкіметінің сол тұстағы Премьер-министрі Гэндэн, аз ұлттар жөніндегі кеңестің төрағасы Сурахбаяр бастаған ресми адамдар үнемі ат ізін салып, қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігімен, жай-күйімен танысып тұрған. Аудан әкімі ретінде Дөңтай да Ұланбатырға жиі барып, әртүрлі жиын-мәслихаттарға тұрақты қатысқан. Бірде осындай кезекті сапардан оралған соң оншақты қазақ баланы Ұланбатырға оқуға аттандырған. Олардың ішінде өзінің тұңғыш ұлы Нүкей де болған. Бұлар монғолша білім алған алғашқы қазақ зиялылары еді.

Монғол мемлекеті мен үкіметі қазақтарға жан-жақты қолдау көрсете білді. Саяси, әлеуметтік, мәдени көптеген шараларды белгілеп жүзеге асырған. Хошуун әкімі Дөңтайды ел парламентінің палатасына басқарма мүшесі етіп сайлаған, қазақ отбасыларын малдан алатын әртүрлі алым-салықтардан босатқан. Күнделікті тұтынатын кейбір зат-тауарларды қазақ отбасыларына алғашқы жылдары тегін таратқан.

Төлді дін аман аяқтандырған , малына мол қондылық алдырған, төрт түлікті тең өсірген адамдарға әртүрлі тарту-таралғы беріп сыйлаған. Оларға «Жақсы малшы» деген атақ беріп, елдің астанасына қонаққа шақырып, ерекше құрмет көрсеткен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бөтен жұрт, бөгде жерге қоныс тепкен қандастарымыздың сонда орнығып ел болып кетуіне барлық жағдайды жасаған. Бұл жөнінде ақын атам Дөңтай бір өлеңінде.

«Ұшқалақ боп ұмтылып ойнақтама,

Болады сабыр түбі – бір сары алтын.

Завханның аймағында бауыр қылып,

Мен тұрмын осы күнде қазақ, сартын» — деп жырлағаны бар (Моңғолия, «Шұғыла» журналы, 62-бет, №2, 1993 жыл). Осылайша тыныш өмір сүріп жатқанда 1937 жылдағы саяси қуғын-сүргінің дүмпуі жырақтағы Монғол жеріне де жетеді. Бірақ, барлық

пәле-жала тікелей жоғарыдан келіп жабыспады. Алдымен азғана қазақ өз ішінен бүліне бастады. Қайсы біреулер Дөңтайдың монғолдар арасында, үкімет алдында қадірлі болып, құрметке бөлене бастағанын қызғанса, енді біреулері оның көзін құртып орнына әкім болғысы келіп, «таққа» таласады. Мұның кесірі халыққа тиді.

«Дөңтайға еріп халха болғанша, Алтайға қайтып хан-зу болайық» — дейтіндер де шығады. Ел ортасына әдейі таратылған мұндай қаңқу сөздер ағайындардың арасына іріткі салады. Абдан есімді белгілі азамат бастаған бір мың отбасы елден бөлініп, Қобда бетіне қарай көшіп кетеді. Олардың бір тобы Шыңжанға асып жөнеледі.

Осындай аумалы-төкпелі сәтті пайдаланған бір пысықай «Дөңтай өзі діндар, молда адам болғандықтан халық үкіметінің қас жауы. Бас уәзір Гэндэннің досы, екеуі де Жапонияның тыңшылары» — деп пәле-жаланы қаптатқан арызды КГБ-ның Моңғолиядағы бөліміне айдайды.

Дөңтайдың қалай ұсталғаны жайында белгілі жазушы Сейітхан Әбілқасымұлы «Кісінеп жылаған сәйгүлік» атты деректі әңгімесінде былай деп жазады. «Ол (Дөңтай) Завхан жеріндегі қазақ хошууның бастығы, мемлекеттік кіші құрылтайдың мүшесі болатын. Ұланбатырдағы жиналысқа барып, қайтып келісімен машинадан түсе бере аяғын жерге тигізбей қарулы сақшылар тарпа бас салып ұстап, байлап-матап ажал аранына апарып сүңгіткен («Жұлдыз» журналы, №5 1993 жылы112 б).

Осылайша, ел ағасы, есіл азамат «халық жауы, жапон тыңшысы» деген нақақ жаламен Улиастай қаласында түрмеге жабылып, тұңғыш ұлы Нүкей, інісі Құдыстармен бірге 1938 жылы атылған. Артында қалған елінің де берекесі қашып, хошууның жауапты хатшысы Махмет те іле-шағала ұсталып кетті. Ел-жұрт түгелдей дерлік Қобда бетіне ауа көшкен. Менің ата-бабамның Моңғолияға тап болуының қысқаша тарихы осы.

— Елге келген соң квота ала алдыңыз ба?

-Біз келген жылдары «квота», «көші-қон заңы» дегендермен қоса «оралман» деген атау да болмаған. Жергілікті жұрт бізді «туысқандар», «қандастар», «бауырлар» деп атайтын. Әрине, ел іші болған соң көзді ала бере «моңғолдар» дей салатындар да болған шығар. Бірақ, сол квота болмаса да, ешбір қиындық көрген жоқпыз. Жұмыссыз қалған кезім жоқ, баспана да табылып тұрды, ештеңеден таршылық болмады. Ел қалай күн көрсе мен де солардың қатарында болып келе жатқан жайым бар.

Қазақстанға келгенде қиналдыңыз ба,  ең бірінші қиындығыңыз?

-Жоғарыда айттым, Құдайға шүкір, қиындық болған емес, әлі де оның бетін аулақ қылсын. Қазақта «көппен көрген ұлы той» деген бар ғой. Не көрсем де, халықтың ішіндемін.

— Біздегі «Қандастар» жобасы аясында тарихи отанына қайтқысы келген көп қандастар хабарласады. Байқағанымыз әр елден келетіндер үшін әр тарапты заңдар барлығы, айтыңызшы  Моңғолия қазақтарына бері өту үшін қай құжат қиындық тудырады?

-Ондағы көп ағайын қолдарындағы малымен көшкілері келеді. Оған Моңғол өкіметі рұқсат бермейді және Ресей шекарасымен Таулы Алтай өлкесі арқылы өтетіндіктен олар да барынша бөгет жасайды. Ең бергісін айтқанда, сондағы қазақтар біздің елге соғымға мал сатайын десе де екі ел арасында жасалған заңдық актілер жоқ. Басты қиындық осы шығар.

Жалпы алғанда Моңғолияда қанша қазақ тұрады?

-Соңғы санақ бойынша 150 мыңға жетті десіп жүр.

Күн көріс деңгейі қандай?

-Қазақстандағы жағдаймен бірдей, көп айырмашылық жоқ. Бір артықшылықтары оларда мал басы көп және оның жүн-жұрқасы, түбіті, тері-терсегі дегендей шикі зат өнімдері қымбат. Оны жергілікті компанияларға және шекаралық сауда арқылы Қытай кәсіпорындарына жоғары бағамен сата алады. Сондықтан, күнкөрістері де айтарлықтай тәуір болса керек.

Арғы беттен келгенен кейін, қандастардың жағдайын сізден артық білетін адам аз, егер қолыңызда тұрса қай заңды өзгертер едіңіз?

Елге кәсіпкерлерді көбірек тарту керек деп ойлаймын. Іскер жастардың елге келіп, бизнес жасауларына мүмкіндік берілсе, алғашқы жылдары кәсібін тұрақтандырғанша үкіметтен жеңілдіктер жасалса. Ауыл шаруашылығы саласына әсіресе, ата кәсібіміз мал өсіруге, одан алатын өнімдерді жаңа технологиямен жасауға қолдау көрсетілсе. Ол үшін ең алдымен, сыбайлас жемқорлық пен мал ұрлығын тиюды қолға алса.

-Әңгімеңізге рақмет, Моңғолия қазақтарының бұл жан айқайы жоғарғы билікке жетіп оң шешімін табар деп үміттенеміз. 

Аида ҚОЖМАМБЕТОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close