Әлеумет

Жанар ТӨРЕБАЕВА: Абайдың ескерткішін Францияда ашуға мұрындық болдым

Жанар Төребаева бүгінде Францияның Ренн қаласында тұрады. Франция медицина ғылымдарының докторы, Франция дәрігерлері жоғарғы аттестациялық Кеңесінің кеңесшісі атанған қазақ қызы аздаған сұқбат берген еді.

— Шетелге барып табыс биігіне көтерілген қазақ қыздары жайлы естігенде, шіркін-ай, осындай таланттарымыз неге өз елімізде жүрмейді екен деген ой көкірекке ұялай кетеді. Францияда қайдан адасып жүрсіз?

—  Еш уақытта Францияда тұрам деп ойлаған да, армандаған да емеспін. «Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма» деген. Нәсібем сол жақтан бұйырса керек.

1990 жылы Петербург медицина институтының педриатрия факультетін жақсы бітіргенде іскер ұсыныстар болғанына қарамай еліме қайтып келіп, Алматыдағы Ғылым академиясына қызметке тұрдым. Профессор Қабдірахман Дүйсембиннің жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды қорғадым. Кейіннен бір халықаралық жобаға қатысудың сәті түсті. Көп кешікпей Францияның Ренн қаласынан білімімді жетілдіру жөнінде ұсыныс келді. Тапшылық заман, Ғылым академиясының қалтама сала қоятын ақшасы жоқ, әйтеуір құрыққа сырық жалғап, өз қаражатыммен аттанып кеттім. Бұл 1999 жылдың қыркүйек айы еді.

 Франциядан білім жетілдіруге французшаңыз қаншалықты сай еді?

—  Бөтен елде тар жол, тайғақ кешуден өттім. Мектепте, институтта

оқығаным болмаса, французшам жетік емес болатын. Әсіресе бірінші жылы қатты қиналдым. Елден әкелген қаражатым таусылуға айналды. Талабымды бағалап, 6 айдан соң Франция елшілігі маған стипендия тағайындады. Кешкісін тіл курсында оқыдым. 9 ай дегенде молекулярлық эндокринология тақырыбынан француз тілінде алғашқы дипломымды қорғап шықтым. Сосын интернатураға кірістім. Онда да Францияның бір ғалымынан өзіне интерн бол деген ұсыныс болғасын ғана, сирек кездесетін мүмкіндікті жібермейін дедім. Әйтпесе сол тұста елге қайтып кетуім әбден мүмкін еді.

-Сіздің бір емес, бірнеше мамандықты игергеніңіз мәлім. Олардың дипломын да француз тілінде қорғадыңыз ба?

— Әрине! Докторлық диссертациямды қорғағаннан кейін үш жыл контрактімен дәрігер болып істеп, 2011 жылы дәрігер ретінде өз бетіммен еңбектену құқын тағы қорғадым. Содан кейін ғана Франция медицинасының докторы деген атаққа қол жеткіздім. Франция медицинасында мұндай биікке көтерілу қияметтің қиыны. Сол жолы осындай құқықты иелену мақсатымен шетелден 4000 дәрігер емтихан тапсырдық. Сынақтан 100 дәрігер ғана өттік. Дипломдардың ішіндегі ең үздігі ретінде менің еңбегім бірінші орынға шығып, Францияның заң газетіне жарияланғанда қазағымның мәртебесін Европа аспанына бір көтеріп тастағаным үшін өзімді бақытты сезінгенім соншалық көкке самғай жөнелуге қанатым болмады!

Европада талмай еңбектеніп, ерінбей ізденбесең көшке ілесе алмайсың. Ғылыми жұмысты клиниадағы жұмыспен ұштастыра жүріп алға жылжу екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа деп ешкім айта қоймас. Кітапханаларға қонып-түней жүріп ғылым іздедім. Білім-ғылымы жетілген елдегі бар жетістікті жан-тәніммен сіміре жұта бердім. Сөйтіп жүргенде 33 жасқа табан тірегенімді де білмей қалыппын. Тағдыр ғой. Осы арадан теңімді жолықтырып, отбасын құрдым.

Әрине бірден Франция азаматтығын алған боларсыз?

Жоқ, ондай ой үш ұйқтасам түсіме де кірген емес. Медицинаның озық жетістіктерін әбден меңгеріп алған соң еліме қайтам деп жүрдім. Мәжбүр болмағанда Қазақстан азаматы болып-ақ жүре беретін едім. Ғылыми мәселелермен Европаның көптеген елдеріне конференцияларға жиі жол түсе берді, әлі солай. Әр жолы Қазақстан елшілігінен виза алып отыру өте қиын шаруа. Оның үстіне Ренн қаласы Парижден 400 шақырым қашықтықта жатыр. Амалсыз шешімімді өзгертуге тура келген. Бірақ жер шарының қай түкпірінде жүрсем де ең бірінші өз ұлтымның мүддесіне қызмет ететінім аспандағы айдай анық. Жүрегімде қазақ деген жазу барда бір жапырақ қағаз да сөз болып па! Тамырдағы бүлкілдеген қанымды, кеудедегі жалындаған жанымды ешкім өзгерте алмаса керек! Мен бүгін қазағымның Европадағы көзімін!

Рас, Францияда озық білімге қол жеткіздім, табыс биігіне көтерілдім, нанын жеп суын ішіп отырмын, сондықтан бұл елге деген құрметім зор. Мұнда дәрігерді ұлтына, қай елдің азаматы екеніне қарай емес, қарым-қабілетіне қарап бағалайды. Талап биігінен көріне білген маманды төбесіне көтеріп, алақанына салып қадірлейді.

— Геронтология мен терапия саласындағы Францияның озық тәжірибесін Қазақстанға енгізбек болған жобаңыз туралы айтып берсеңіз.

— 2013 жылы Нант қаласында соңғы мамандығым бойынша дипломдық жұмысымды қорғағанда, туған елім Қазақстандағы медицина саласын дамыту тақырыбын таңдадым. Онкология, оның ішінде гериатрияны дамыту қажеттілігін тереңірек зерттедім. Француз профессурасы бұрын-соңды халықаралық деңгейде көтерілмеген бұл еңбекке өте жоғары баға берді. Нәтижесінде Қазақстанның Франциядағы елшілігі арқылы елдегі гериатрия саласын дамыту жөнінде ұсыныс жасадым. Жұмысты жолға қою, мамандар дайындау жөнінде арнайы бағдарлама жасап жібердім. Қазақстандағы гериатрия ассоциациясының бастығы бағдарламаны қабылдағанмен, бізге клиникалық бағдарлама емес, өмірді ұзартатын зертхана керек деп жауап жазды. Гериатриядан тәжірибе жинақтай жүріп, молекулярлық биологияны дамуы мен жаңалықтарын бақылап келе жатқаныма 20 жылдан асты. Клиникалық тәжірибесіз зертханалық ғылымды дамыту мүмкін емес. Тек зертханалық ғылыммен адам өмірін қалай ұзартуға болатынын түсінбеймін. Мысалы мен қазір клиникалық жұмыстар мен зертханалық жұмыстарды ұштастырудың арқасында қарттар өмірін 85-90 жасқа дейін ұзартуға қол жеткіздім. Гериатрия сарапшысымын. Француз тілінде гериатриялық күтім жайлы әдістемелік кітап жаздым. Қазақстандық әріптестерім пайдаға асырсын деп, қазір сол әдістемені қазақ тіліне аударып жатырмын.

Қазақстанда гериатрия, әсіресе онкогериатрия саласын дамыту ауадай қажет деп есептеймін. Ондағы әріптестерімнің бұған мән бермей отырғандығына қынжылам. Неге қазақтың қариялары Француздар секілді өмірінің аяғына дейін сапалы өмір сүрмеуі керек? Сондықтан орталық ашып, гериатрияны дамыту керек. Шағын ауруханалардағы терапиялық бөлімшелерде кем дегенде 5-10 орын болуы тиіс. Қазақстанда клиникалық гериатрлар жоқ. Бір университеттен гериатрия дәрігері мен медбикелер дайындайтын бөлім ашу қажет. Осы істі қолға алып, жолға қою үшін Қазақстанға келер едім, бірақ қолдау болмаса, әр есікті бір қағып, босқа уақыт жоғалтқым келмейді. Оданда осы жақта жүріп екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға үлесімді қосайын. Европаның озық тәжірибелері жайлы кітап жазайын. Елдегі мамандарды осы жаққа алып кеп үйретуге ат салысайын.

— Қоғамдық жұмыстармен де айналасып, Алматы мен Ренн қаласын бауырлас қала жасауға ат салысқан екенсіз.

— 1999 жылы Францияға алғаш келгенімде Алматы мен Ренн қаласының бауырластық орнатқанына 8 жыл болған екен. Бауырластық комитетін бір әйел басқарып тұрыпты. 2011 жылы мен сол комитетке вицепрезидент болып бардым. Көп кешікпей қаланың бір көшесі Алматы атымен аталса деген идея енгіздім. Комитет Ренн мэриіне ұсыныс тастады. Қалада атаусыз көше жоқ болып шықты. Бірақ француз қолбасшысы, жазушы, мемлекет қайраткері Шарль де Голль атында бір үлкен көше және саябақ бар екен. Көше сол кісінің атында қала берсін, саябақ Алматының атымен аталсын деген шешім қабылданды.

— Осы саябаққа Абай мүсінін қойғызу да, оған қаражат табу да оңай болмаған шығар?

— Бұл енді таза менің идеям. Екі ел арасындағы достықты нығайтып, ұлы Абай арқылы қазақ елінің мәртебесін көтеріп, өзімді тәрбиелеп өсірген елімнің алдындағы перзенттік борышымды ақтауды армандадым.

Абайдың мүсінін қойғызу саябақ ашудан әлдеқайда қиын болды. 2012 жылы дүниеге келген бұл идея 2016 жылы ғана жүзеге асты. Францияда осы елге еңбегі сіңген адамдарға ғана ескерткіш қойылады. Ал Абайды француздар білмейтін. Сондықтан халық бұл шешімге қарсы шығуы мүмкін еді. Демократиялық елде ескерткіш түгілі көше атауының өзі халықпен ақылдасып, солардың келісімімен беріледі. Халық қала мэріне емес, мэр халыққа бағынады. Ескерткіш орнатылатын аудан әкімшілігіндегі заң бөлімінің келісімі болуы шарт. Финанстық нюанстар өз алдына. Ескерткішті сақтандыру міндет. Бірақ ол басқа ел есебінен қаржыландырылса, оны сақтандыру үшін жасаған ел Францияға сыйға тартуы керек. Заң солай. Әйтпесе ескерткішті қорғау шығындарын Франция өз мойнына ала алмайды.

Алдымен бірнеше жолы конференция, көрме ұйымдастырып, жергілікті халықты Абайдың еңбектерімен таныстырып, оның бүкіл адамзат баласына еңбек сіңірген тұлға екенін түсіндіру керек болды. Абайдың қара сөздерін француз тіліне аударып, халыққа оқып бердім. Қысқасы, 4 жыл бойына жар құлағым жастыққа тимей жүріп тер төгуге тура келді. Бюсті Алматы әкімшілігі жасатып әкелді. Ескерткіш тұғырын Ренн қаласының мэрі бауырластыққа тарту ретінде өте қымбат ақ граниттен (100 000 евро) жасатты. Бұл шара Қазақстан тәуелсіздігі мен екі қала бауырластығының 25 жылдығына арналды.

Алыстағы туған жердің бір бөлшегін Францияға әкеліп орнатқандай сезім билеген бұл күн мен үшін арманымның жүзеге асқан күні болды. Елімді аңсағанда Абай ата ескерткішіне барып мауқымды басам.

Францияда тұрып жатқаныңызға 20 жылға таяп қалыпты. Француз халқы жайлы пікір қалыптастыруға, салт-дәстүрлерін, мінез-құлқын танып-білуге жеткілікті уақыт. Француздар Қазақстан жайлы не біледі?

— Еліміздің сыртқы саясатының арқасында Француздар Қазақстанды біраз  танып-біліп жатқаны рас.

Бұлар гуманист, білімді, еңбекқор, ізденімпаз, бақытты халық. Өте дамыған ел. Бәсекелес ортада өмір сүруде. Дүние жүзінің интелектуал шоғыры жиналған. Білімі төмен адам жоғары дәрежеге қол жеткізе алмайды. Француздар үшін отбасы – аса қасиетті ұғым. Жанұяның қадірін біледі. Ең алдымен жанұя, одан кейін жұмыс дейді. Ертелі-кеш, демалыс, мерке күндері бірге тамақтану салтын берік ұстанады. Ата-ананы қатты құрметтейді. Европада әке-шешесіне қарамайды, қарттар үйіне апарып тастайды деген жаңсақ пікір. Балалары жұмыстан қолы босамайтын немесе ұрпақсыз қалған ата-аналардың қарттар үйін паналайтыны рас. Мысалы жұмыстағы жастардың ауру әке-шешесіне дұрыс күтім жасауға мүмкіндіктері жоқ. Ал қарттар үйінде денсаулығын қадағалап, емдейді, мәпелеп күтеді, көңілді шаралар өткізіп, табиғатқа серуендетеді, музейлер мен театрларға апарады. Балалары жұмыстан шыққан соң әке-шешелеріне келіп, халін біліп тұрады.

Мұнда ерлі-зайыптылардың бір-біріне адал болмауы өте сирек кездеседі.

 Францияның медицинасы жайлы не айта аласыз?

— Францияда алуға болатын білімнің барлық сатысынан өттім. Бұл

мәселенің қыр-сырын жақсы білем. Дәрігер мамандығын қалай алатынын айтайын. Алдымен 6 жыл жалпы медицинаны оқиды. Оқу орнын бітірердегі мемлекеттік емтихан құпия тәсілмен өтеді. Нөмірмен белгіленген жауапты басқа оқу орнының мұғалымдері тексереді. Осыдан өткеннен кейін барып олар негізгі мамандық таңдауға көшеді. Бағалары жақсылары күрделі мамандықты, нашарлары жеңіл мамандықты таңдайды.Сосын таңдаған мамандығына орай 4-5 жыл интернатурада тағы оқиды. Соңғы 3 жылында докторлық жұмысын қорғайды. Докторлығын қорғап болған соң медициналық бақылаудың ең жоғарғы инстанциясы – Франция дәрігерлерінің Жоғарғы Кеңесіне келеді. Мен 2015 жылдан бері өз аймағым бойынша осындай Кеңестің мүшесімін. Кеңестің алдында Гиппократ антын қабылдайды. Одан кейін біз осы антта жазылған әр сөзді нақтырақ талдаған кітапшаны қолдарына ұстатамыз. Міне, осы кітапшамен танысқаннан кейін ғана олар жеке-дара дәрігер ретінде сырқаттарды емдеу құқына ие болып, Кеңестің арнайы тізіміне енгізіледі. Францияда осы Кеңес тізіміне ілінбеген маманның адам емдеуге құқы жоқ. Тізімге ілініп, мансап жолына түскеннен кейінгі дәрігердің деонтологиялық әрекеттерін де осы Кеңес бақылайды.

Медицина мамандарына кеңес беру, медиация жасау, компромис табуға көмектесу де Кеңестің міндетіне жатады. Дәрігерлік қателік орын алған жерде Кеңес дұрыс шешім шығаруға жауапты. Дәрігерлер қателік жасамақ түгіл сырқаттардың көңіліне тиетін сөз айтып қойса, сол мезетте ол хабар бізге жетеді.Сондықтан дәрігерлер этика мен деонтологияны сақтауға бар жан-тәнімен тырысады. Егер қателік әдейі немесе немқұрайдылық салдарынан туындаған болса, ол бірнеше рет қайталанса, онда оны дәрігерлік Кеңес бақылауының тізімінен шығарып, бұл жай денсаулық сақтау министрлігіне хабарланады. Мұндайда ол дәрігерлік құқынан айырылып, ары қарай өз мамандығымен жұмыс істей алмайды. Бірақ мұндай жағдайлар өте аз, жоқтың қасы.

Кеңес мүшелігіне жасырын сайлау арқылы өтеді. Мен Кеңес мүшелігіне екі рет: алғаш 2015 жылы, содан кейін 2018 жылы сайландым.

Отбасыңыз, туған жеріңіз жайлы айта кетсеңіз.

Алматы облысының Шелек ауылында туып-өстім. Сол ауылдағы Абай атындағы мектепті өте жақсы бітірдім. Ата-анам жоғары білімді адамдар. Әкем инженер, анам тарих пәнінің мұғалімі. Отбасында 4 бала болдық. Кішкентай кезімізде нағашы апамның тәрбиесінде болғандықтан, ол кісіні анамдай жақсы көрдім. 11 жастағы бүлдіршін кезімде нағашы апамның қатты ауырғаны бар. Сол сәттен бастап мұғалім болам деген арманымды кейін ысырып, дәрігер болам деп шештім.

Кәмилә мен Етиен есімді екі балапаным бар. Екеуі де оқушы. Қызым биыл ағалшын тіліне бейімделген арнайы мектептің 11 сыныбын бітірді. Кіші ұлым 4- класқа көшті. Жұбайымның есімі – Жан-Ив.

Маңызды сұқбатыңыз үшін рақмет!

Сұқбатты жүргізген ардагер журналист

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close