ЖаңалықтарҚұқық

Сең қозғалды ағайын, сен де қозғал

Сең қозғалды қандасым, сен де қозғал!
«Отан оттан да ыстық» – дейміз. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қолға алынған жоба да тура осылай аталады. Бұны бұған дейін де айтып та, жазып та жүрміз. Оны ұйымдастырған «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі екенідігін де естіген шығарсыз. Мәселе жоба да емес, атқарылып жатқан нақты істер туралы бірер сөз айта кетуді жөн көрдік.
Жобаның аты әдемі-ақ шынымен. Қазекем де кезінде тегіннен тегін айтапаса керек мұндай ұлы сөзді. Алайда, атқарылып жатқан істе оңды нәтиже болмаса, әдемі атаудан не қайыр дерсіз? Иә, шынымен бір ғана ұйым қандастар мәселесін шешіп, реттеп, жөнге салуға құзыреті де, мүмкіндігі де жетпейді. Ондай құзыреттілік те бұйырмаған. Оны бұған дейінгі оралмандар жайымен айналысып, атсалысып, күш-жігерін арнап келген ұйымдар жұмысы көрсетіп келеді. Ашық хат жолдайды, арыз жазады. Нәтиже бар. Бірақ, аз. Себебі – қандастар арасындағы сабылған құжаттық қиыншылықтардан әбден қиналғандары ғана арызданғанын, ізденгенін ескерсек, бей-жай жүргені қаншама? Бұдан тыс сабыла-сабыла ұйымдарға, өкілетті органдарға емес, делдалдарға жүгінетінін қосыңыз… Бұл мәселе, үкімет назарына жетпей, жетседе андыздап барған ақпарат қараусыз қалып қоятыны белгілі болды. Шешілсе де, сол нақты жекелеген арыз берушілердің мәселесі ғана реттеліп келген. Ал оның артында қаншама қандастың мұңы мен мұқтаждығы жатыр. Қоғам белсенділері олар туралы айтып, жазып жатыр. Бел шешіп кіріскендері де қаншама? Сөйтсек гәп мынада екен. Механизм жоқ. Кәдімгі механизм. Оралмандардың мәселесін жік-жікке бөліп, топ-топқа реттеп, зерделеп жоғарыға ұсына алмай жүр екенбіз. Ұлт үшін аянбай еңбек етіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендердің ісінде қайыр болмауы да сондықтан болып шықты. Мұны ел үшін аянбай тер төгіп жүрген заңгер – Абзал Құспан айтты. Тура осы – «Отан оттан да ыстық» шарасының кезекті бір жиынында. Қандастардың басын қосып, базынасын тыңдаған «Адырналықтар» оралмандарды Абзал Құспанмен бет-бет жүздестіріді. Мақсат – мәселені шешудің жолын қарастыру еді. Бұған дейін бірлестік ұжымы – аудан-ауданға барып, көші-қон мекемелеріне рейдтер жүргізіп, қандастар мәселесін шешудің әр алуан жолын қарастырған. Жиналған арыз-шағымдар негізінде ҚР парламентіне, Алматы облыстық көші-қон басқармасына хаттар жолдап, нәтижеге жетудің “қилы кезеңдерін” бастан кешіп келді. Соның есебінде кейбірі дайын тұрған құжаттарын алды, дайын болмағандары жергілікті басшылардың қабылдауында болды. Осынау жай ғана процесс күнделікті өмірде қайталанбайтыны қынжылтты. Не айтып отыр дерсіз?… Әлгі дайын болған құжатты қандастардың қолына «мә мынауың» -деп ұстата салуға ерінетін мекемелер бар болып шықты. Немесе сарыла күткен құжаттың «Сандықта қанша жататынын» сұрау салып бармақ түгілі, есіктен қаратпайтындары кездесті. Дәл осының кесірінен делдал іздеп тентіреу, тиын «тығатын тесік іздеу» басталатыны айтпаса да түсінікті. «Арман болған» азаматтықтың бір хабарын біліп берудің құны – 5000 тг тұратыны да рас ендеше.
Мұның бәрі өткен шақ. Қандастардың заң білмеуі мен құзыреттілердің құзыретін асыра пайдаланушылықтан туындаған мәселелер. Онымен күресіп жеңе де, түбіне жете де алмайсыз. Бірлестік ретінде айтып отырмын. Себебі ондай мәселе біреу ғана емес және бүгін пайда болмаған. Тамыры терең, таралымы кең дүние. Енді мұны үкімет те сезе бастағандай. Елбасының жемқорлықпен күрес турасындағы тапсырмасын қатаң орындаудың жолына түскен тәрізді. Оралмандырдың тағдырымен тіке айналысуды жөн санапты. Былайғы жерде бұл мәселемен заңгер Абзал Құспан түбегейлі араласатын болды. Бұған дейін де атсалысқан. Алайда бұл жолғының жөні бөлек. Алматы қаласындағы «Темучин» кафесінде қандастармен жолыққан адвокат былай деді:
– Маған жоғарыдан ұсыныс түсті. Ендігі жерде жеке-жеке арыз жазып, министірлік табалдырығын тоздырмайтын боласыздар. Біз сіздердің арыздарыңызды «Адырна» бірлестігі арқылы жинап, сұрыптап, жоғарыға арызды біз жазып отырамыз. Сол арқылы проблемаларды бір-бірлеп шешетін боламыз. Бұған дейін мен де қандастардың құжаттық мәселесіне көп жүгірдім. Барлық қиыншылықтарды бес саусағымдай білемін. Бірақ, дәл осындай мүмкіндік болмаған еді. Енді біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін – «Адырнамен» бірлесіп, күш біріктіре отырып жұмыс жасайтын боламын. Тек қана «Адырна» бірлестігі емес, жалпы оралман мәселесін қаузап жүрген кез келген ұйыммен тізе қосуға дайынмын. Елімізде қиналып жүрген 50 мың қандастың мәселесіне бір емес, жүздеген бірлестік болса да артықтық етпейтін еді. Бір Алматының өзіне дәл осындай 10 ұйым керек. Қазірдің өзінде менде нақты ұсыныс бар.
1-ден, қандастарға бір терезе қызметін іске қосу керек. Сонда жемқорлық та, жауапсыздық та, сауатсыздық та орын алмайдын. Әр маман өз қызметіне адал, өз жұмысына шөгел болады. Менің таңым бар. Барлық қызмет бір терезе қағидасына кірген де, оралмандардың құжаттық қабылдаулары кірмей қалған? Міне осы мәселені шешуіміз керек.
2-ден, «Адырна» бірлестігі оралмандармен кездесуді жиы өткізуі керек. Ай сайын белгілі бір күнді тұрақтандырып, қандастармен жолығып отыру керек. Біз сол арқылы ғана еңбек өнімділігін жоғарылата аламыз.


Шара аясында белгілі кино-режиссер Еркін Рақышев, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек, «Кеш» құқық қорғау орталығының заңгері – Камшат Есмұхаметқызы, жоба жетекшісі – Құрметолла Мұхаметханұлы сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Еркін Рақышев мырза елге келген қандастар мәселесінің туындауының түп-төркіні – Қытайдағы саяси қысмының салдары деген пайымын жеткізсе, Омарәлі Әділбек «Жебеуліктердің» де «Адырнамен» бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, жиналғандар арасында сөз алғандар Қаскелең маңындағы, әсіресе көші-қонын бөлімшесінде былықтың көп екендіктерін айтып қалды. Алдағы уақытта «Адырна» бірлестігі бұл мәселеге заңды тұрғыдан араласатынын жеткізді. Сондай-ақ, талайдың талбалдырығын тоздырып, еш шешімін таппай сабылған кейбір азаматтар заңгер Абзал Құспанмен жекелей кездесіп, мәселелерінің аса қиын емес, ниет болса шелілетіндіктерін естіп, марқайып қайтты.
Жиын соңында Абзал Құспанның басшылығымен ҚР Сыртқы істер министрілігіне, ҚР көші-қон камитетіне және ҚР бас прокуратурасына «Оралмандар ісін оңтайландыру» жайлы «Адырна» бірлестігімен келісім хаты жолдалданды.


Мінеки, қадірлі қандастар! Сең жібіді. Сенім бекіді. Алдағы уақытта өздеріңіз де атсалысып, күш біріктірсеңіздер алынбайтын қамал жоқ. Ол үшін сіздерге «www.qandastar.kz» сайтымыз, +77788087708 немесе +77279835133 жедел желі телефондарымыз қосулы тұр. Үкімет үн қосып отыр. Бұдан артық не керек?
« www.qandastar.kz »


Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close