Жаңалықтар
Түркістан облысында жүк вагондары рельстен шығып кетті: Апат салдарынан кешіккен он пойыздың жолаушылары өтемақы алады

Фото: hi-tech.mail.ru
Түлкібас ауданында жүк пойызының 5 вагоны рельстен шығып, аударылып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға куәгерлері түсірген видеодан жүк пойызының 5 вагоны аударылып жатқанын көруге болады.
“25 маусым күні сағат 19:20-да Түлкібас – Арыс учаскесінде Меңлібай – Көктерек учаскесінің күрделі қисық учаскесінде жүк пойызы рельстен шығып кетті”, – деп ҚТЖ болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
Кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төленбек. Сондай-ақ олар ауыз сумен және тамақпен қамтамасыз етілетін болды.
“Түркістан облысында жүк пойызы вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты жолаушылар пойыздары кешігуі мүмкін”, – деп ескертті «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Сағат 21:00-дегі ақпарат бойынша:
- №21 «Семей-Қызылорда»
- № 203 «Астана-Шымкент»
- №22 «Қызылорда-Семей»
- №46 «Түркістан-Павлодар»
- №24 «Ақтөбе-Алматы»
- №55 «Көкшетау-Қызылорда»
- №87 «Алматы-Сарыағаш»
- №78 «Маңғыстау-Алматы»
- №30 «Атырау-Алматы
- No34 «Ақтөбе-Алматы»
Жоспар бойынша, 26 маусым күні таңғы сағат 04:00-де пойыз қозғалысы қайта жанданған.
“Компания қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды. Сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушыларға кешіктірілген әрбір толық сағат үшін 3% мөлшерінде өтемақы төленетінін хабарлайды. Бірақ өтемақы мөлшері жол жүру құнынан аспайды», – делінген ресми хабарламада.
Рельстен шығып кеткен жерде Шымкент, Арыс және Тараз станцияларының қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеп жатыр. Пойыз вагондарының рельстен шығуына жеке вагонның дөңгелек жұбы осьінің сынуы себеп болған.