ӘлеуметЖаңалықтар

Жұрт алдында «жұмыста» шек болама

Ел егемендік алып, ұлт ұйқыдан оянғанда, көзін аша көшін шақырып еді. Сол көш үзілді-кесілді әліге дейін жалғасып келеді. Жалғаса да береді. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дейік! Иә көш болған соң аумайтын жүк, тартынбайтын түйе болмайды. Бір де оңға, бірде солға тартқан қазақ көші соңғы рет Қытайдағы саяси қысымнан оңбай ауды. Жүк ауғанды білерсіз бәлкім білмерсіз, бірақ, көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң әсері болмас сірә!…
Кей кез де бұрау салып, жүк басып отыратын азаматтары табылатыны бар. Ондай азаматтар да, азаматшалар да баршылық. Дәл сондай игі бастаманың бірі осы – «Отан оттан да ыстық» жобасы. Қандастарға құқықтық һәм құжаттық қолдаулар көрсетіп келген аталмыш жоба мінеки өз мәресіне жетіп отыр. Өкінішті-ақ, әрине жұмыс қызып, қамшы салар тұста тізгінді тартып жатқанымыз. Дейтұрғанмен де, аудан-ауданды аралап әр қазаққа қолдау көрсетуге тырыстық. Атқарған ісімізден, атқаратын ісіміздің көп екенін мойындаймын. Себебі біреу – бір жылда бүкіл қандастың проблемасы шешілмесі анық. Әрине – алғашқыда жоба шеттен келген қандастарды бейімдеу мақсатында қолға алынған-ды. Осы арада бейімдеу сөзін дұрыс түсінген абзал. Ортаға икемдеу, жұмысқа, қоғамға, білім-ғылым мен мәдениетке емін-еркін араласуын қамтамасыз ету тұғын. Сондықтан болар тілдік, құқықтық және кәсіп бастау сынды семинарлар өткізу талаптары қойылды. Біз аталған талапты өз деңгейінде, шамамыздың жетісінше атқарып шықтық. Алайда бір айлық курстан барлық қандас өзгеріп сала берді деуден аулақпын. Әсіресе, орыс тілі курысын алдағы уақытта тағы жалғастырудың жолын қарастырамыз деген ойдамын. Себеп айтпаса да түсінікті болар. Бір айда өмірі естімеген бір ұлттың тілін үйреніп шығу деген мүмкін емес дүние…
Оқу курстарын жүргіздік, құқықтық кеңестер, ашық семинарлар, ақпараттық парақтар тараттық. Бұл дегеніңіз күллі қандаспен салыстырғанда теңіздің тамшысындай ғана болмашы дүние екені рас. Сондықтан, бұл талаптардан тыс өз бетімізше «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі құжаттық қиыншылықтарға көмек көрсетуді өз міндеті санады. Құжатсыз қалжыраған, тентіреген қандастарға қарадық та, «Кеш» сынды заңгерлік орталықпен, Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспециясы және көші-қон басқармасы, Алматы қалалық көші-қон полициясы сынды құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жасауға бел шештік. Нәтижесінде біраз студенттердің визалық, тіркеу, азаматтық сынды қиыншылықтарына қолұшын беруге, Шелек, Есік сияқты облыс көлеміндегі елдімекендерде қоғамдық бақылаулар жүргізуге мүмкіндік алдық. Нәтижесінде кейбір өңірлерде жемқорлық індетінің жаулағанын, тәртіпсіздік орнағанын көзіміз көрді. Көріп қана қоймай, келеңсіздіктерді облысқа, министрлікке хат ретінде жіпке тізіп жолдадық. «Тәртіпсіздер жазаланды, ондай кемшіліктер болдырмайтын болды» — деген жауаптардың келгені туралы да хабарлаған болатынбыз. Мақсатымыз – біреуді даттап, біреуді жақтау емес еді. Тәуелсіз Отанына оралып, заңды құжатымен шекара аттап, елге келіп босаға жағалап, боздап жүрген қандастарды көргенде араласпауға мүмкіндік қалмады. Алайда, бәрін реттеп, шешіп тастадық деу әбістік болар. Тек ортада белгілі заңгер Абзал Құспан мырзаның араласуы – ісімізге заңдық тұрғыдан үлкен үміт сыйлады. Үміт сыйлап қана қоймай, жобамыздың сәтті жалғасуына да бағыт-бағдар нұсқады. Шешілмеген құжаттық сансыз сұрақтар Абзал мырзаның бастауымен алдағы уақытта шешімін табады деп қос алақанымызды ысқылап отырмыз. Айтайын дегенім салыстырмалы түрде, Абзал мырза бір ғана ұйымды пайдалана отырып, бір өзі біраз мәселені шешуге, заң тетіктерін өзгертуге атсалысқанда, білдей бір министрліктер неге шеше алмайды екен дейсіз?

сурет «Астана» телеарнасының сайтынан алынды
толық сілтеме: https://astanatv.kz/kz/news/44559/

Алайда, мән-жайды өзгертуге «Адырна» немесе өзгеде қоғамдық бірлестіктер ғана атсалысып жатыр деу қателік болар. Күні кеше ғана еліміздің бас партиясы – «Нұр Отанда» «Көш көлікті болсын» акциясын дәл осы құжаттық кедергіліктерге арнады. Атап айтқанда шеттен келген қандастардың еліміздегі Виза және тұрақты тұруға тіркеуінің уақыты өтіп кеткен жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 517-бабы, 4- бөлігіне сай айыппұл төлейді. Және сол айппұл төленгеннен кейін бір жыл көлемінде құжатын рәсімдеуге тиым салынады, визасын қайта қалпына келтіре алмайды. Яғни, айппұл төлегеннен кейін араға бір жыл салып қана ҚР азаматтығына құжаттар тапсыра алады. Мәселені талқылауға өңір өңірден телекөпір арқылы тиісті мекемелер байланысқа шығып, мән-жайды толық талқылады. Сондай-ақ, оралмандар мәселесімен айналысып жүрген «Асар» ұйымы, Алматыдан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Отан оттан да ыстық» жобасының жетекшісі, «КЕШ» құқық қорғау орталығының директоры қатысып, өз ойлары мен өтініштерін ортаға салды.



Дәл осы мәселені Республикалық деңгейде көтеріп, қоғамдық қабылдау өткізген «Нұр Отан» партиясы жауапты министрлікке ұсыныс жолдады. Заң жобасы келер жылдың қаңтар айынан бастап қайта талқыланып, алғашқы тоқсандықта ақ өзгеріске енеді деген мақсат қойды. Бұл да, көңілі күпті қандастар мәселесінің бір бөлігі болса да шешімін табуға деген талпыныс дер едік.
Дәл осындай қандастар мәселесімен қат-қабат араласып кеткен «Отан оттан да ыстық» жобасының әкімшілік алдындағы миссиясы аяқталғанымен, ел алдындағы, ар алдындағы «парызы» аяқталмағаны рас. Өз басым сол нәтижені көргенге дейін қызмет етемін деп бел буып отырмын.
Иә жұмыстар азды-көпті жасалды. Сең қозғалды. Көзбен көріп, көңілге түйгесін ұсыныс-пікір қалыптасатыны рас. Ендігі сөздің ауанын солай бұрсам.



«Отан оттан да ыстық» жобасының қорытынды ұсынысы
1. Қандастардың келгенде тіркеуге тұру мәселесін қарастыру керек. Белгілі бір ғимаратты тіркеу үйі етіп, ақылы түрде болса да тағайындау керек. Алматыға тұрақты тіркеуге тіркелейін десе үй таппай делдал іздеп тентіреп кету осыдан келіп шығады.
2. Оралман куәліктің уақытын ҚР азаматтығын алғанға дейін жарамды деп тану керек. Сондай-ақ, кейбір саяси жағдайларда екінші мәрте беру жолын да қарастырған жөн. Ал, бұған дейін оралман куәлігін алып, уақытын өткізіп алғандарға жаппай азаматтық беру мәселесін қолға алу керек.
3. «Адырна» ұйымы сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қытайдағы қандастарды шақыртудың оңтайлы жолын қарастыру керек. Заң жүзінде құжаттар әзірленуге тиіс.
4. Бұл жоба тек қалалық қана емес, облыстық тіпті, Республикалық деңгейде болуы керек.
5. Шеттен келген қандастардың құжаттық жұмысы «бір терезе» қағидасына өзгеруі тиіс.
6. Студенттер жатақхана тіркеуінен шықпай-ақ ықтияр хат және азаматтық ала алатын болуы керек.
7. Паспорттарының уақыты өтіп кеткен қандастарды да азаматтыққа қабылдау мәселесін қайта талқылау керек.
8. Азамат жасына толмаған балалардың, әсіресе әке-шешесі Қытайда қалған балалардың ҚР азаматы ретінде танитын туу туралы куәлік немесе кез келген уақытша азаматтық алуға жарамды болатындай жаңа құжат түрін әзірлеу керек.
9. Орыс тілі курсын жалғастыру керек. Бір айда сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ курс өтілетіні мәлім. Және бұл Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қандастарды қамтуға тиіс болашақта.
10. Виза немесе тіркеуі біткен жағдайда азаматтыққа айыппұлын төлеп, қайта тіркеуге тұрғаннан кейін азаматтыққа құжатты бір жыл өткен соң ғана тапсыра алады. («Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында да талқыланды) Дәл осы мәселені түбегейлі жою керек.
Құрметолла Мұхаметханұлы, Qandastar.kz – үшін.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close