Жаңалықтар
Хадиша Адай: Елге оралу әр қазақтың арманы

Фото жеке қорынан
Тәуелсіздік қарсаңында атамекенге оралған қандастардың тыныс-тіршілігін білу редакцияның мақсаты. Бүгін qandastar.kz Ирандағы көшті бастап келген Хадиша Адаймен тілдесті.
Оның айтуынша, елге оралу шалғайда жүрген әрбір қазақтың арманы. Кейіпкеріміз де бала кезден Қазақстанға табаным тиіп, құтты қоныс тапсам деп армандаған.
«Көшу өзімнің ғана емес, балаларымның болашағын жарқын етуге мүмкіндік беретінін толық сезіндім. Содан болар, Қазақстанға көшуге ықылас танытқан сәтте бірге сапарға шыққан әрбір отбасы елдің ертеңіне сеніммен қарады. Осылайша 20 отбасы болып елге келіп, жаңа ортаға үйреністік. Қазір Петропавл облысы Есіл ауданына қарасты Петровка ауылының тұрғынымыз», – дейді ол.
Хадишаға бастапқыда қоныс аударуға төрт аймақ ұсынылған. Олардың қатарында Семей, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Қостанай секілді қалалар бар. Кейбірінде баспана әзір болмаса, кейбір қаланың ауа-райы, табиғаты жақпаған. Кейін ойлана келе Солтүстік Қазақстанға тоқталыпты. Таңдаудың себебі, ауылда мал шаруашылығымен айналысуға барлық жағдай жасалған көрінеді. Оның үстіне Ираннан қойдың жүнін иіретін құрылғыны қоса әкеліпті.
Кейіпкерімізге «Қазақстан сіз күткендей қарсы алды ма? деген маңызды сұрақ қойған едік.
«Бұл сауал мені түрлі сезімге жетелейді. Кей тұста көңілге кірбің түскен сәт болғанмен, санамдағы қазақ ұғымы еш өзгеріссіз қалды. Келген сәтте квота бөлу, кәсіп бастауға грант беру, жұмысқа орналастыру секілді шаралар да бәсеңдеп қалды. Оқу бітіргенін растайтын дипломын әкелмеген немесе заңды маманмен бекітілмеген азаматтар күнделікті жұмыс істеп күн көруде. Қандастардың тұрақты жұмысы болмағандықтан кейде азық-түлікке қаржысы болмай қалады. Ондай сәтте ауыл тұрғындары, әкімдік өкілдері, қайырымды жандар жәрдемдесіп, барынша көмек қолын созып келеді. Дегенмен, жұмыспен қамту мәселесі оңалмай, жағдайдың қалыпқа келмесі белгілі», – дейді Х.Адай.
Кейіпкеріміз тіл мәселесіне келгенде түйткіл жоғын алға тартып отыр. «Балаларым оқуға құштар. Екі балам ағылшын, парсы тілдерін жетік біледі. Қазақ тілін де үйреніп келеді. Иранда қазақша сөйлесіп, ой бөлісетін ортаның жоқтығы біршама кедергі келтірген еді. Қазір қатарластарымен әңгіме айтып, тіл үйренуді бір ізге түсірді», – дейді ол.
P.S Иранда 200-ден аса қазақ отбасы қалғанын білдік. Олар да мүмкіндік болса елге келуді ойлайды. Жол шығыны, құжаттарды аудару, бекітуге кететін шығынды көптің қалтасы көтермейді. Билік қанша жерден көмек көрсеткенімен отбасының қаржы қоры жинақталмаса, жаңа ортада өмір сүру жеңіл емес екені түсінікті.