Әдебиет

Қазақтың көрнекті ақыны Оразақын Асқар дүниеден озды

Қазақтың көрнекті ақыны Оразақын Асқар 84 жасына қараған шағында дүниеден озды. Ол 1935 жылы Қытай Халық Республикасының Іле аймағында дүниеге келген. Құлжа қаласында гимназияны бітіріп, Үрімші қаласындағы Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетінде оқыған. «Шыңжаң газеті» редакциясында қызмет атқарған. 1955 жылы ата-мекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.



Ақын өлеңдерінен:

Шетте жүрген бауырластарға

Шетелге кетсеңдер де бауыр басып,
Құтты орын тепсендер де ауырласып,
Атажұрт шақырады тұқымым деп,
Құшағын байтақ дала, тауың да ашып.
Бөленіп онда бәрің байлық, баққа,
Тіпті ие болсаңдар да атақ, даңққа,
Бірге ұрпақ барсын жарқын болашаққа,
Бұрыңдар көшті атамекен жаққа.
Қазағың жетті ежелгі арманына,
Жағдайдың қарамаңдар бар, жоғына,
Ілінбеу үшін елдік бірлік керек
Ешқашан енді ешкімнің қармағына.
Уақытша көрсендер де қиыншылық,
Мың артық күн кешуден қорқып-бұғып,
Қожа боп өз жеріңде өз еліңе
Не жетсін тер төгуге соны ұғып.
Астында өз аспаның, өз туыңның,
Өз ауа, нәрін жұтып өз суыңның,
Қандастар қапы қалма, орны бөлек
Күнде өз әнұраныңмен оянудың.
Мәнге ие сәттерің көп елде өтетін,
Озбыр жоқ сыбағаңнан кенде ететін.
Бәріміз ұйымдасып көркейтейік
Қазақтың бейбіт, дербес мемлекетін.
Шетелге кетсеңдер де бауыр басып,
Құтты орын тепсендер де ауырласып,
Атажұрт шақырады тұқымым деп,
Құшағын байтақ дала, тауың да ашып.
Бөленіп онда бәрің байлық, баққа,
Тіпті ие болсаңдар да атақ, даңққа,
Бірге ұрпақ барсын жарқын болашаққа,
Бұрыңдар көшті атамекен жаққа.
Қазағың жетті ежелгі арманына,
Жағдайдың қарамаңдар бар, жоғына,
Ілінбеу үшін елдік бірлік керек
Ешқашан енді ешкімнің қармағына.
Уақытша көрсендер де қиыншылық,
Мың артық күн кешуден қорқып-бұғып,
Қожа боп өз жеріңде өз еліңе
Не жетсін тер төгуге соны ұғып.
Астында өз аспаның, өз туыңның,
Өз ауа, нәрін жұтып өз суыңның,
Қандастар қапы қалма, орны бөлек
Күнде өз әнұраныңмен оянудың.
Мәнге ие сәттерің көп елде өтетін,
Озбыр жоқ сыбағаңнан кенде ететін.
Бәріміз ұйымдасып көркейтейік
Қазақтың бейбіт, дербес мемлекетін.

7сәуір, 1992 ж.


Бала болғым келеді

Бала болғым келеді
Сабақтан қайтып келем екі — үш қызбен,
Қыздар мәз болушы еді жүрсе бізбен.
Айтысып әзіл — қалжың күлісеміз
Нұр тамып, гүл жайнаған жастық жүзден.
Кәрі әкем көрінді алдан мыжырайып,
Бұл маған қыздар көрсе болар айып,
«Жүріңдер, мына жақта қызық бар»,- деп
Бір шетке қыздарды ертіп кеттім тайып.
Өзім де жылдар өтіп болдым кәрі,
Мойындай қойған жоқпын бірақ әлі.
Шынардай бой түзеді ұл — қыздарым,
Сүйсінер сымбатына жұрттың бәрі.
Бардым да журналға бір жыр ұсына
Қызымның соға кеттім жұмысына.
Қызымның қасындағы құрбылары
Түртісіп қарап еді тұрмысыма.
Мен кетіп жиған қыздар күлкіден ес,
Көргендей «Бұл кім?» депті бір түрлі елес:
— Әкем ғой,- десе қызым, сілтеп қолын,
— Алдама,- депті бәрі,- мүмкін емес!

Өз туым

Бұлтсыз ашық аспанымдай көк туым,
Ту төрінен елге нұрын төкті күн.
Ту төбемде қалықтады қырандай,
Қуанбаған бір де қазақ жоқ бүгін.
Көз тартады тудан ұлттық өрнегім,
Өнерім ғой, өлеңім ғой ол менің.
Осы емес пе ашылғаны бағымның,
Өшкен жанып, тірілгені өлгенім.
Қандай бақыт өз туымды көргенім,
Кермей кетті қанша сабаз ерлерім.
Шат боп тұрып соларды ойлап қамықтым,
Осы жолда төккен қан мен терлерін.
Көтер еңсе, көкке қара ұлы елім,
Тәуелсіздік алып тумен түледің.
Тоймас көзім өз туыма қараудан,
Көтеруден талмас әсте білегім.
Кірлетпейміз сені әсте көнертіп,
Ием бар де жауға бермей өлер тік.
Жаса мәңгі өз көгімде өз туым,
Желбірей бер көсегемді көгертіп!

1 қаңтар, 1993 ж.

Үйрен ана тіліңді

Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.

Әлде қалай жоғалтса ана баласын,
Бала іздеп таппай ма өз анасын.
Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,
Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.

Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,
Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.
Үйренбесең, өз тіліңді білмесең.
Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.

Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар,
Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар.
Перзентісің еркін, азат халықтың,
Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.

Жақсылық алда

Сары уайымға салынып,
Төндірме ақыр заманды.
Жақсылық алда барын ұқ,
Негізі жаңа қаланды.
Қиындық, ауыртпалықтың
Екені айқын не үшін:
Бағы үшін еркін халықтың
Теретін өзі жемісін.
Ентелеу оңай еңіске,
Бөгет көп шыңға өрлеуге.
Жеткенше нағыз жеңіске
Тиіспіз тыным көрмеуге.
Қамықпас қазір мұны ұққан,
Келмеске кетсін пәлекет.
Арылып құлдық құлықтан
Өзіңше жаса әрекет.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close