Мәдениет

Маңғыстау театры Алматыда

Сәуірдің 27-і күні Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры Алматыдағы гастрольдік сапарын бастады. Сапардың шымылдығы атақты грузин жазушысы Авксентий Цагарелидің «Ханума» пьесасымен ашты. Поп-арт жанрындағы комедиялық спектакль шетел сахналарында кең танымал. Ең алғаш рет 1972 жылы Ресейдің үлкен театрында қойылған. Музыкалық динамикамен өрілген қойылым, бұл ретте де Алматы жұртшылығын күлкіге қарық қылды. 

Тифлистің ауқатты көпесі ақсүйектермен құдаласуды армандайды. Бар ойы – сол арқылы мәртебесін асыру. Мақсатына жету үшін өрімдей қызын кәрі князьге күйеуге бермек. Князьдің кедейленіп қалғаны да кедергі емес, оның атақ-абыройының биіктігі, дәрежесі маңызды болды. Ал көпестің 18 жасар қызы Сона болса князьдің жас әрі өнерлі бауырына ғашық. Оқиға кәрі князьді үйлендіруге жанын салып, бас құдалыққа таласқан жеңгетайлар Кабато мен Хануманың арасындағы тартыспен өрбиді. Кабато жеңгетай князь бен жас сұлу Сонаны қоспақ. Ал Ханума тапқан қалыңдықтың жасы қырыққа таяғанымен мал-мүлкі мол. Кейіпкерлер арасындағы қым-қиғаш қатынастар грузиннің әуезді ән-билерімен өрбіп, оқиға ширатыла түседі. Соңында әркім өзіне тиесіліні алады. Қойылымның режиссері – Гүлсина Мерғалиева.



Сондай-ақ, театры ұжымы Алматы көрермендеріне алдағы күндер «Атың өшсін…», «Әлиханның аманаты», «Гамлет» және «Шыңырау» қатарлы қойылымдарды ұсынбақ.



Құрметолла МҰХАМЕТХАНҰЛЫ

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close