Жаңалықтар

Олжас Бектенов: Біз қуатты автомобиль державасына айналуымыз керек

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары аясында индустриялық аймақтағы бірқатар кәсіпорындарды аралады.

Үкімет басшысы «Ирригатор Қазақстан» зауытында өнімділікті арттыру және суды үнемдеу мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суаруға арналған израильдік технология бойынша құбырлар өндірісін көрді. Қаңтар айында іске қосылған кәсіпорын жылына 270 миллион метр өнім шығаруға қауқарлы. Компания директоры Мұрат Ақшалов жобаға израильдік компаниялардың бірінен 770 миллионнан астам шетелдік инвестиция тартылғанын, бұл жобаның жалпы сомасының үштен біріне жуығын құрайтынын хабарлады.

Премьер-министр суды үнемдеуге бағытталғанжобаның маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік органдарға кәсіпорынды толық қуатқа жүктеу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен сауда-саттықты жолға қою бойынша өзара әрекеттесуде көмек көрсетуді тапсырды. Жиында Қазақстандағы тамшылатып суару нарығы 70 мың гектарды құрайтыны айтылды.

Олжас Бектенов автомобиль зауытында болып, күрделі технологиялық өндірістік процестерге көшу жоспарларымен танысты. Премьер-министрге зауытты кеңейту және жаңғырту, оның аумағын 40 мың шаршы метрге дейін ұлғайту туралы баяндалды. Жұмыс орындарының санын 1700-ге дейін көбейтуді көздейтін 16,4 млрд теңгелік кеңейту жобасы толығымен инвестор есебінен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, компания өндірістің қуаттылығын арттыру, толық өндірістік циклге көшу мақсатында дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехтарын жаңғыртуға инвестиция салуда.

«Қазақстанның автоөнеркәсібін сынайтындар көп. Бірақ кім не десе де, қазақстандық автоөнеркәсіп одан әрі дамып келеді. Дамуға, локализацияны арттыруға бизнестің өзі де мүдделі. Біз қуатты автомобиль державасына айналуымыз керек», – деді Олжас Бектенов.

Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов өндірістік кластерді дамыту жоспарларымен бөлісті. Бұл жоспарға жұмыс істеп тұрған автомобиль зауытынан басқа, жылына 90 мың жолаушылар вагонын шығаратын (2025 жылы іске қосу жоспарлануда) салынып жатқан мультибрендті зауыт, үш автомобиль бөлшектерін шығаратын зауыттар мен логистикалық хаб кіреді. Жұмыс орындарының жалпы саны 6 мың адамнан асады.

Айта кетсек, бүгін Алматыға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы қаланың резервтік су құбырын тарту жұмыстарымен танысты.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close