Жаңалықтар
2,5 млн теңге алимент төлемей жүрген әке 1 жылға бас бостандығынан айырылды
Жетісу облысында алимент төлемеген заңды өрескел бұзушы борышкер сотталды. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы мәлім етті.
«Сот үкімімен борышкер «T» кәмелетке толмаған екі баласын асырау үшін алимент төлеу жөніндегі міндеттерін үш жыл бойы орындамағандықтан 1 жыл мерзімге бас бостандығыннан айырылды. Оның алимент бойынша берешектері 2,5 млн теңгеден асып, бұл кәмелетке толмаған балаларды асырауда материалдық қиындықтарға әкелді», — делінген хабарламада.
Прокуратураның қадағалау актісі негізінде оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүргізіліп, сотқа жолданды.
Тағы бір жағдайда, борышкер «M»-ға қатысты ісі сот талқылауы барысында 1 млн теңге көлеміндегі қарызын толық өтеуіне байланысты сотпен тоқтатылды.
Облыстық прокуратура алимент төлемегені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.
Балаларға қамқорлық жасау — ата-ананың басты міндеті!