Әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен оның күйеуі Instagram, TikTok және Telegram арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырып, қылмыстық жолмен 162 млн теңге тапқаны анықталды. Бірақ олар жазаға тартылмайды, деп хабарлайды qandastar.kz
Гүлеркем Ниязқұловаға қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы – «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу» бойынша тергеу жүргізілген. Алайда іс Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен ҚК-тің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, амнистия актісі негізінде тоқтатылған. Бұл ақпарат агенттіктің ресми жауаптарында көрсетілген.
Бұған дейін оның Ақтауда күйеуімен бірге әлеуметтік желілерде онлайн-лотереялар өткізіп келгені хабарланған. Ерлі-зайыптылар лотерея операторы ретінде тіркелмесе де, автокөлік, пәтер және түрлі бағалы сыйлықтарды ойнатқан. Билеттер (цифрлық нөмірлер) 500-50 000 теңге аралығында сатылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз лотереяларға 1 800-ден астам адам қатысып, жұп 162 млн теңгеден астам табыс тапқан. Қаржылық мониторинг агенттігі тексерістен кейін олардың мүлкі мен банк шоттарына шектеу қойған. Соған қарамастан, оларға әлеуметтік желіде табыс табуға тыйым салынбаған, блогер әлі де парақшасын жүргізіп, жарнама жариялап жүр.



